Кәуапқа арнайы брикеттер дайындайды

18

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров Көксәйек ауылдық округінде өткен кездесуден кейін қуырылған және отқа қақталған тағам дайындалатын арнайы пешке қажетті көмір шығарумен айналысатын кәсіпкер жұмысымен танысты.

Жеке кәсіпкер Өміртай Ешенқұлов «Sultan briket” брендімен көмір брикетін өңдейді. Кәсібін 2022 жылдың қараша айынан бастаған жеке кәсіпкер күніне 1,5 тонна көмір брикетін шығарады. Брикетті дайындау үшін түрлі сорттағы ағаштарды қолданады. Кәсіпкер ерекше кәсібін жүргізу үшін мемлекеттен 5 млн теңге грант, 20 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Жоба құны 65 млн теңгені құрады.
Арнайы шоққа пісірілген тағамның керемет дәмді болатынын ескерсек, кәсіпкердің өнімі үлкен сұранысқа ие болатыны түсінікті. Таулы аумақта көктемнің шуақты, жаздың күндері демалушылар табиғат аясында кәуап, гриль және барбекю дайындап, ас ішуді қолға алады. Пешке қақталған тағамды дайындауға ең басты элементі арнайы барбекюге арналған көмір.
Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы жеке кәсіпкердің жұмысымен танысып, қолға алған жобаларына сәттілік тілеп, ауыл халқын жаппай жұмыспен қамтудың негізгі тетігі – шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту екенін ескере отырып, бұл бағытта аудан аумағында атқарылатын жұмыстар көлемі ауқымды болатынын түсіндірді. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жөнінде әңгімеледі.
Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы ерекше кәсіптің иесімен әңгімелесіп, жұмыс барысы жөнінде сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Кәсіпкерлік саласы бойынша жобаларды жандандыру арқылы жұмыссыздықты азайтып отырған кәсіпкерге ісіне табыс тіледі.