Күмәнді еттен жасалған самса жеймін деп «сасып» қалмаңыз

297

Қаламыздағы «Студентер қалашығы» кәуап пен самса дайындайтын аймаққа айналып, көк түтіннен көз ашпадық дейді жергілікті тұрғындар. Жергілікті тұрғындар бармаған жері, қақпаған есігі қалмағандығын айтып, ашынуда.

Десе дегендей, бұл аумақты аялдама немесе жаяу жүргіншілердің жолы деп айту қиын. Бірі сатылатын тауарын жол үстіне жайып тастаса, енді бірі қайдан келгені күмәнді самсаны сатуды әдетке айналдырыпты. Өздерін кәсіпкерміз деп санайтын азаматтар өзгемен санасуды қойған.

«Мына жерге түтіндетіп самсасын пісіреді, балалар ойнайтын алаң қалмады»,-дейді бір тұрғын айқайлап.

Аудан әкімдігіне талай рет шағымданып, нәтиже шығара алмаған көпшілік бір емес бірнеше мәрте аудандық СЭҚ басқармасына да барыпты. Арызды алып қалғандар соңыңнан барамыз дегеннен әрі аса алмаған. Тіпті, есігін құлыптап, халықтан қашуды шығарыпты.

«Біз бір емес, бірнеше мәрте бардық. Кәсіпкерді таба алмай жүрміз»,-дейді тұрғын.

Шенеуніктер халықтан шеттеді деген осы. Есігіне қара құлып салғандар бір есік қағидасын бүркеніп, мемлекеттік қызмет заңын бұзып қана қоймай, тіл туралы заңға да қырын қарапты.

Міне, осылай заңды бұрмалып, халыққа қызмет жасаудың орнына көпшілікті көргісі келмейтіндердің кесірінен қарапайым халықтың зардап шегіп жүрген жағдайы бар.