Полицейлер жүкті әйелдермен кездесті

74

Әлемдегі ең сұлу әйел –жүкті әйел. Жанарында – бақыт, жүрегінде –махаббат, ал ішінде – жаңа өмір. Десекте кей сәттері нәзікжандылардың зорлық-зомбылыққа ұшырап, өмірден опық жейтін сәттері тіркеліп жатады. Осыны ескерген Арыс ауданының полицейлері бала мен әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттарының құрбаны болу мәселелерін болдырмау, алдын алу мақсатында маңызы зор іс-шара өткізді.

Нақтырақ айтсақ, Арыс аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры А.Мырзахметова мен «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» сектор меңгерушісі Ж.Абылова бірлесіп, Арыс аудандық емханасына келген жүкті әйелдерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазақ елінің демографиясына үлес қосып жүрген анадармен тілдесіп, қандай да бір көмек қажет болса, әрқашан дайын екендіктерін жеткізді. Полицей А.Мырзахметова егер де өмірлерінде келеңсіздіктер орын алса, бірден тиісті орындарға хабарласуға шақырды. Кез келген зорлық әрекеттеріне жол жоқ екенін ұғындырды. Сондай-ақ отбасы құндылығы, бала тәрбиесі бойынша әңгіме өрбіді.
Өз кезегінде әйелдер тарапынан ұйымдастырушыларға сұрақтар мен ұсыныстар айтылып, тұщымды жауаптар берілді. Жиын соңында ақпараттық үнпарақтар таратылды.