Сарышаяндар бас көтерді

135

Шымкентте жеке тұрғын үйлерде сарышаян бас көтере бастады. Улы жәндіктің үй ішінде пайда болуы тұрғындарды үрейлендіріп отыр. Ал алда күн ыси түсетінін ескерсек, дәрігерлер мұндай кезде улы жәндіктерден зардап шегетін науқастар саны артатынын айтады.

Қала тұрғыны Гүзал Әуелбекова бірнеше күн бұрын жеке тұрғын үйінен сарышаян ұстап алған. Оның айтуынша, улы жәндік қартоп қабынан шығыпты. Үйде сарышаянның пайда болуы бірінші рет емес. Тіпті былтыр улы жәндік оның қолын шағып алған.

Ал жыл басынан бері қалалық ауруханадағы токсикология бөлімшесіне сарышаян шаққан 12 адам медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ, улы жәндік шаққан бір адамның жағдайы ауырлап, ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің сөзінше, мұндай жәндіктердің көзі түнде жақсы көретіндіктен қараңғы мезгілде шағу қаупі басым.

Мадина Ермаханбетвова, Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері: «2022 жылы жалпы саны 258 науқас емхана деңгейінде ем қабылдаса, 75 науқас ауруханаға жатқызылған. Науқастардың барлығына қажетті көмек көрсетілген. Сарышаян шаққан адамға медиицналық көмек көрсетілуі тиіс»

Күннің ыситын мезгілі енді басталғанын ескерсек, әсіресе ашық далада абай болған жөн дейді дәрігерлер. Сондай-ақ. созылмалы ауруы бар адамдар сарышаян шағып алуынан кейде көз жұмып кеткен жәйттер де аз емес. Сондықтан да жаз маусымында көп кездесетін улы жәндіктің шағуынан сақ болған жөн!

Лаура Нақыпқызы