Úı ANONS Сақ болыңыз: Сарышаяндар оянды

Сақ болыңыз: Сарышаяндар оянды

Дәрігер-токсикологтар сарышаяндар мен қарақұрттар маусымына дайындалуда. Күн жылынған кезде улы өрмекшітәрізділер қысқы ұйқысынан оянып, әсіресе жеке сектор тұрғындары үшін белгілі бір қауіп төндіреді.

Мамандар бау-бақша учаскелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ табиғат аясында демалғанда сақ әрі мұқият болуға шақырады. Әзірге улы өрмекшітәрізділерге байланысты Шымкентте жағдайлар тіркелген жоқ.

 АСЫЛХАН МЫҢБОСЫНОВ, ТОКСИКОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Егер үйде болсаңыздар, аяқ киім киерде немесе ылғалды шүберек аларда абай болыңыздар. Сарышаяндар көбінесе түнгі уақытта шағады. Күн ысыған сайын олардың белсенділігі арта түседі. Түнгі уақытта шағу жағдайлары жиілеп, бізге жүгінетіндер көбейеді. Сондықтан қазірден бастап мұқият әрі сақ болуларыңызды сұраймыз!». 

 Сарышаян немесе қарақұрт шаққан жағдайда ең бастысы — сабыр сақтау. Шаққан аяқ-қолды қозғалтпай бекітіп, ауырсынуды азайту үшін салқын басу қажет және дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Науқасқа тыныштық қамтамасыз етіп, шаққан жерді залалсыздандырып, көп сұйықтық ішу маңызды.

 Шынар Оразова