Шымкентте жыл сайын 30-дан астам азамат 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант иесі атанады. Үшінші мегаполисте 2019 жылы бастау алған ұлттық жоба шеңберінде бүгінге дейін 170-ке жуық адам 700 млн теңге көлемінде грант жеңіп алып, өз кәсібін жүргізген.
Әлібай Жұмабаев пенопласт өнімдерін шығарумен айналысатын шағын кәсіп иесі. Өткен жылы мемлекеттен 5 млн теңге қайтарымсыз несие алып, наурыз айында пенопласт шығаруды қолға алған. Бүгінде ісі алға дөңгелеп, тұрақты тұтынушылары да бар. Ал оның бұл кәсіппен айналысуына дәл осы шикізаттың үлкен сұранысқа ие болуы себеп болған.
Әлібай Жұмабаев, кәсіпкер: «Алдымен мына котелға тазаланып су келеді. Бұл суды парға айналдырады. Содан трубалар арқылы мына жердегі 10 тонналық, соған жиналады. Ал мына құрылғы өзіне керектісін жинап алады. Ал мына жерге өнім түседі. Өзіне керек өнімді тартып алады да, шамасына қарап 20,30, 40 кг-нан беріп отырады. Сосын осында қайнайды. 4-5 минут қайнаған соң, арғы жағында автоматты люк бар, ашылып сушилкаға түседі. Содан кеуіп шығып, мына бункерлерге түсіп, 1 тәулік жатады.
Шағын цехта қазіргі таңда 5 адам жұмыс істейді. Барлық жүйе автоматтандырылған, тек операторлар жұмыс барысын бақылап отырса болғаны. Бүгінге дейін 10 мың куб дайын өнім шығарған. Ал жалпы тапсырыстың басым бөлігі құрылыс салып жатқандардан түсетін көрінеді.
Ержігіт Қуандық, оператор: «Менің жұмысым сырьены тартып алу төбеге 5 секундқа. Сөйтіп дозатордың ішіне түсіріп, осыны қайнатып шығарамын. Бесінші, 22-де бір бункер толады. Үш марка болады, 12, 25, 35, 50-лік. Біз қазір 15-ті қайнатып жатырмыз.»
Бүгінде Шымкент қаласында мұндай кәсіппен айналысатындар көп емес. Әлібай Жұмабаев сол себептен де тапсырыс берушілердің күн санап артып келе жатқанын айтады. Сөзінше, ол алдағы уақытта цехты кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, жалпы ұлттық жоба шеңберінде жаңа инновациялық жобаларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грант 2019 жылдан бері беріліп келеді. Бүгінге дейін Шымкентте 170-ке жуық адамға 700 млн теңгенің гранты ұсынылған. Оның басым бөлгі қызмет көрсету және өндіріс салаларында жұмысын жүзеге асырып келеді.