Түркістан облысында 5 сыныпта оқитын ұл бала зорланған

3787
Бала зорлау

Түркістан облысы Төлеби ауданында 5 сынып оқушысы сексуалдық зорлық-зомбылық құрбаны болған. Жәбірленуші баланың анасы ұлы оқитын мектепте жұмыс істеген. Білім ордасының әкімшілігі анасынан шу шығармауды сұрапты.

Бұл туралы «Не молчи» қорының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Instagram парақшасында жазды.

Автордың жазуынша, мұндай мәліметті қордың шұғыл желісіне белсенділер хабарлаған.

«Не молчи» қорының желісіне 6 сынып оқушысы 5 оқитын балаға сексуалдық зомбылық жасаған деген ақпарат келіп түсті. Жәбірленуші баланың анасы ұлы оқыған мектепте жұмыс істеген. Білім мекемесінің әкімшілігі баланың үйіне келіп, анасынан іс қозғатпауды сұраған. Ұжымның бұл әрекетіне ренжіген ол ауылдан көшіп кеткен» делінген жазбада.

Дина Таңсәрінің мәліметінше, полиция қылмыстық істі тіркеген. Экспертиза нәтижесін күтіп отыр екен. Алайда ауыл тұрғындары баланы зорлады делінген оқушының туыстары дәрігер болғандықтан сараптама қорытындысы тура шығатынына күмән келтіріп отырғанға ұқсайды.

Қоғам белсендісінің мәтіметіне сенсек, жәбірленуші оқитын мектеп директоры бұған дейін жұмыстан босап қалып, кейін қызметіне қайта оралған көрінеді.

Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер аталған жайт бойынша қылмыстық іс тіркелгенін растады. Ведомство мәліметінше, 29 наурыз күні Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ауданның кәмелетке толмаған тұрғыны ұлына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасағанын хабарлаған.

«Арыз Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-1-бөлігі бойынша (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) тіркелді. Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Аталған жайт Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар бұл оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірмеді.