Түркістан облысында тағы да үшем дүниеге келді

194
Үшем

Түркістан облысында 2023 жылы жарық дүние есігін ашқан үшінші үшем дүниеге келді. Мерзімінен бұрын туылған нәрестелер Бәйдібек ауданында дүниеге келгенімен, денсаулық жағдайының ауырлығына байланысты №2 облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырылған. Орталықта бір айдан астам дәрігерлердің бақылауында болған.

Мерзімінен бұрын туылған бұл шақалақтарға Арслан, Әлихан, Асылхан есімдері берілді. Үшемдерді дүниеге әкелген Гүлден Сағатбекова енді 5 перзенттің анасы. Жас ана жүктіліктің тоғыз аптасында үшем болатынын біліпті. Мерзімінен ерте туылған нәрестелердің алғашқыда жағдайы ауыр болғандықтан анасымен бірге №2 облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөліміне ауыстырылған. Мұнда дәрігерлер сәби мен анасына 42 күн бойы күтім жасады.

«Мерзіміне жетпей босандым, қатты ауыр болды. Бәйдібек ауданында  операция жасады. Кейін осында ауыстырылдық. Реанимацияда жатып, ем қабылдадым. Сол жерден Аллаға шүкір, жақсы болып шықты»,-деді үшемнің анасы Гүлден Сағатбекова.

30 аптада, яғни айы-күні толмай туылған сәбилердің өкпесі дұрыс дамымағандықтан үшеуі де жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Осылайша бөбектер біраз уақыт шала туылған сәбилерге күтім жасайтын арнайы бөлімшеде болған. №2 облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосқан.

«Біздің перзентханада 42 күн жатты. Алдымен Алла тағала, кейін білікті неанатолог дәрігердің арқасында бүгін анасы үш сәби қуанышпен үйіне қайтып жатқан жайты бар»,-деді №2 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Эльмира Қожахметова.

Бір айдан аса перзентханада жатқан үшем мен анасын дәрігерлер бүгін сән-салтнатпен үйіне шығарып салды. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысы бойынша  11 үшем дүниеге келген. Ал бұл нәрестелер 2023 жылы өмірге келген үшінші үшем.