«Туған елге сағыныш». Италиядағы концертте қазақ әнін тыңдаған бойжеткен көз жасын тоқтата алмады

6285

Белгілі жас әнші Ержан Максимнің Италияда өткен кешіне көрермен боп келген қазақ қызы көптің жүрегін елжіретті. Бойжеткен отандасымыз Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық-ай» әнін шырқаған сәтте көз жасына ерік берді.

Бұл сәттің видеосын концертке келгендердің бірі жасырын түрде бейнекамераға түсіріп алған. Бейнежазбадан өзге де көрермендермен бірге залда отырған жас қыздың көз жасын тыя алмағанын байқауға болады.

Видеоны ТікТок қолданушысы жариялады. Оның мәліметінше, бойжеткен Италияда тұрады. Әнші Ержан Максимнің орындауындағы қазақ әнін тыңдағанда туған елі Қазақстанды сағынып, жылап отыр.

Жас қыздың бұл әрекеті  көптеген желі қолданушыларының көзіне еріксіз жас келуіне себеп болған.

«Туған жердің топырағы да, ауасы да ыстық», «Айналып кетейін… Еріксіз жас келеді көзімізге!», «Қазақтың қаны жібермей жылатып отыр ғой», «Мен Қазақстанда отырып-ақ жылағым кеп кетті», «Өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол!», «Өз елімізде тұрып ел туралы өлеңге жылаймыз. Шетелде тұратындар тіптен еңірейтін шығар», «Анасы, жақындары есіне түскен болар», «Елдің иісін, жерін сағынған көз жас» деп жазды желі қолданушылары.

Автор бұған дейін Ержан Максимнің Италияда өткен концертінен үзінді видеоларды парақшасында жариялаған болатын.