Жақында ғана Президент қабылдаған жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов еден жуып жүр

283

Наурыз айының соңына қарай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдаған аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов жаттығу залының еденін жуып жүр. Бұл сәттің видеосын спортшы ТікТок парақшасында жариялады.

«Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте», – деп жазды жекпе-жек шебері. 

Видеодан үлкен жаттығу залының еденін спортшының жалғыз өзі жалаң аяқ жуып жүргенін көруге болады.

Спортшының бұл әрекетін көрген желі қолданушылары Лас-Вегаста өткен UFC турнирінде жеңіске жеткен қазақ спортшысының қарапайымдылығына риза болды.

«Құлшылықтың ең абзалы – қарапайымдылық», «Алла тіл-көзден сақтап, аман жүр», «Жарайсың», «Ұлық болсаң, кішік бол. Алла әрдайым қолдасын», «Не деген қарапайым… Өркенің өсе берсін, қазақтың батыры», «Отбасылық тәрбие өте жоғары боп тұр ғой», «Қазақтың жігіттерінің бәрінің жүректері таза», «Қарапайымдылығыңызға ризамын», «Шавкаттың тәрбиесі бөлек», «Еркексің, азаматсың. Жеңісті күндер көп болсын» деп жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, 28 жастағы спортшы Шавкат Рахмонов осыдан бір ай бұрын Лас-Вегаста өткен UFC 285 аралас жекпе-жегінде рекордтық жеңіске жетті. Қазақ спортшысы америкалық белгілі файтер Джефф Нилмен (15-4) сынға түсті. Үшінші раундта қылқындыру әдісін қолданып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.