1 маусымда «Металлургтер» стадионы ашылады

189

Шымкентте жартығасырлық тарихы бар «Металлургтер» стадионы қолданысқа беріледі. Осыдан 6 жыл бұрын қирандыға айналудың алдында тұрған алаң қайта түледі. Айта кетейік, мұнда спорттың 10 түрі бойынша жаттығуға мүмкіндік қарастырылған. Ал құрылыс нысаны келесі айда ел игілігіне берілмек.

«Металлургтер» стадионы осыдан 6 жыл бұрын мүшкіл халде еді. Онда ескі трибуналар мен алаңның тозығы жетіп, бұзылудың аз-ақ алдында еді. Сол кезде ел арасында тіпті әйгілі нысанның сауда орталығына айналуы мүмкін деген қауесет те тарады.

Дегенмен жергілікті билік өкілдері жарты ғасырлық тарихы бар стадионды сақтап қалуды ұйғарды. Сондықтан жаңа Металлургтер спорт кешенін салу жоспарға енді.


Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл стадион біраз жыл қиын жағдайда тұрды. Өзіміз де осы жерде жаттықтық. Бұл жастар үшін өте маңызды спорт алаңы. Жастар спортпен айналысуы керек. Сондықтан 2 жылдың ішінде қайта құрылыс жүргізіп шықтық. Құрылыс жоспары бұрын дұрыс жасалмаған. Қайта өзгерттік».

Шаһар басшысы бала кезінде дәл осы алаңда жаттыққанын айтады. Қазір мұндағы жұмыс барысы қызу жүріп жатыр. Себебі жаздың бірінші күні тарихи нысан қайта қолданысқа беріледі.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Әрістестермен кеңесіп жатырмыз. Бұған дейін тек футбол ойнайтын еді. Енді баскетбол да, волейбол да, шахмат та ойнай алады. Бұл біздің қаланың кәсіпқой спорт түрлерін дамытатын болады»


Мұнда жастар тек футболмен ғана емес, спорттың 10 түрімен айналыса алады. Стадион 1500 адамға шақталған. Онда спорт залдары, әкімшілік ғимарат пен спортшылар үйі қарастырылған. Қала әкімі енді мектеп лигасы тек осы «Металлургтер» стадионында өтетінін жеткізді.

Қала тұрғындары Шымкент қаласының күннен күнге өркендеп, дамып келе жатқанына, әлеуметке жағдай жасалып жатқанына риза.