Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл жастарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Түркістан облысында құжат қабылдау наурыз айында басталған. Облыс көлемінде 594 жас аталған бағдарламаның игілігін көруі тиіс. Ол үшін Түркістан облысына арнайы мемлекет қаржысынан 2,9 млрд. теңге бөлінді.
2023 жылдың 3 мамыр күні шағын несие берудің алғашқы комиссия отырысы өткізіліп, 25 жастың бизнес-жобасы қаралды. Нәтижесінде 23 жоба мақұлданып, қалған 2 үміткердің құжатына белгілі себептерге байланысты оң шешім қабылданбады.
Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығына бағытталуда. Оның ішінде жылқы, ірі қара және ұсақ мал өсіру бойынша жобаларын ұсынған. Дегенмен, жылыжай өндірісі, жүк көлігі қызметін көрсету, сабын өндіру, құрылыс заттарын шығару салаларына қатысты жоба әзірлегендер де бар. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы жергілікті аумақтардың ерекшелігін негізге ала отырып, түрлі сала қамтылу керектігі ескерткен.
Кезекті екінші комиссия отырысы 25-26 мамыр күндері өткізу жоспарланған болатын. Екі күнге созылған жиын Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында өтті. Онда жалпы 105 жас азамат өз бизнес-идеяларын қорғады. Комиссия шешімі алдағы күндері мәлім болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облыстық филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжаттар қабылдау үстінде. Олардың мәліметне сүйенсек, бүгінге дейін 250-ден астам жас кеңес алып үлгерген. Бизнес-жобалар қабылдау жұмыстары жалғасуда.