Әділет вице-министрі шымкенттіктермен кездесті

49

Қазақстан Республикасының Әділет вице министрі Бекболат Молдабеков Шымкентке келіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында азаматтар жеке мәселелері бойынша бірнеше сауал қойып, өзекті проблемаларды көтерді. Сондай-ақ вице министр қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларын халыққа таныстырды.

Адвокаттардың еңбекақысы төмен. Бұл мәселе ҚР Әділет вице министрі Бекболат Молдабековтің шымкенттіктермен кездесуінде көтерілді. Вице министрге сауал жолдаған тұрғын мемлекеттен берілетін ақша тым аз екенін айтты . Тіпті, төленген қаражат қаланың мына басынан ана басына барғанға дейінгі уақытымыздан бөлек, жолақымызға жетпейді дейді.

«Адвокаттар маған наразы болады. Сағаты аз, барып-келген такисімізді ақтай алмаймыз деп. Сондықтан келешекте адвокаттардың деңгейін көтеріп, еңбекақысын көтеру мәселесін қарастырсаңыздар. Қазір орта дәрежедегі қылмысқа сағатына-1900 теңге, ауыр қылмыс-2500 тг, аса ауыр қылмыс үшін-3000 теңгеден төленеді. Бұл тым аз»,-дейді шымкенттік тұрғын.

Ал вице министр бұл мәселе көп ұзамай шешілетінін жеткізді. Өйткені, күні кеше елордада мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен жиында да осы проблема көтерілген екен. Бекболат Молдабеков мұны өзге министрліктермен бірге қарастырамыз деді.

Кездесуде азаматтар жеке мәселері бойынша бірнеше сауал қойды. Бекболат Молдабеков әр тұрғынның проблемасы басты назарға алынып, жауаптыларға тапсырма берілетінін айтты. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізіп, атқаралып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сөзінше, қазір министрлікте цифрландыру жұмысы қарқынды дамып келеді.

«Телефон арқылы Әділет министрлігінің 53 мемлекеттік қызметі толықтай автоматтандырылған. Онлайн нотариус туралы айтылды. Бұл әлем бойынша Қазақстан бірінші болып осындай жобаны жасады. Яғни, ешқайда бармай телефон арқылы нотариусқа звондап, керек сенімхатыңызды 5 минутта видеозвонок арқылы ала аласыз»,-деді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Айта кетейік, бұған дейін неке қиюды онлайн жүзеге асыратын мобильді қосымша іске қосылған болатын. Биыл Шымкентте мыңнан астам отбасы некесін осылай тіркепті.