«Банкет пен кортеж үшін 25 мың теңге айыппұл»: Шымкентте қай күндері рейд жүреді?

80

Шымкентте соңғы қоңырауды мектеп ғимаратынан тыс жерде тойлауға тыйым салынады. Бұл үшін ата-аналарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осылай деген қаланың бас ұстазы Жанат Тәжиева алдағы уақытта рейдттік топ құрылып, барлық аумақта қатаң тексеріс жүргізілетін айтты. Тіпті қаладан шығып жатқан әр көлік бақылауда болады.

Биыл түлектердің бітіру кеші тек мектепте өтеді. Яғни, тойхана мен қала сыртында атап өтуге қатаң тыйым салынады. Ал ескертуді елемегендерге 3-7 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, яғни, ата-аналар шамамен 10 мың мен 25 мың теңге аралығында айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл туралы Шымкенттің бас ұстазы Жанат Тәжиева мәлімдеді. Айтуынша, бұл күндері қала әкімдігі мен полиция департаменті өкілдерінен құралған топ қалада рейд жүргізеді. Әрі барлық бейнебақылау камералары жіті назарда болады.

“Қаланың сыртына шығатын бекеттерде 31 мамыр мен 1 маусым күні түнгі сағат 24:00-ге дейін тексеру қойылады. Шығып жатқан әр көлік тексеріледі. Жалпы қалада рейд жүреді. Мамандар камералар арқылы барлығын толық бақылап отырады. Ал тойханалар мен дәмханаларды аудан әкімдері қадағалайды. Егер заңбұзушылық анықталса, ата-аналар жауапқа тартылады”,-дейді Жанат Тәжиева.

Айта кетейік, биыл енгізілген өзгерістерге сай соңғы оқу күні 25 мамыр емес, 31 мамыр болып бекітілді. Ал 1 маусым күні бітіруші түлектер балалар күнімен қатар соңғы қоңырауды атап өтеді. Атаулы датаға орай мектептер өз деңгейінде іс-шаралар ұйымдастырады. Бірақ тек білім ордасында ғана. Жанат Тәжиева ата-аналар бұл шешімнің балалар қауіпсіздігі үшін қабылданғанын түсінсе екен дейді.

«Өздеріңіз менің инстаграм парақшамды қарайтын болсаңыздар, тіпті мені қарғап жатқан оқушылар бар. Мен оларды түсінбеймін. Тарихты ақтарсақ, осы 25 мамыр күні соңғы қоңырауды тойлаймын деп жыл сайын бала өлімі тіркелген. Тіпті, алдыңғы жылы 1-2 баланың басын да таппай қалды. Бастары көлікте жол апатынан жұлынып кеткен. Өте ауыр қайғылы оқиғалар кездесіп жатыр. Тауға барып құлап жатқан, суға барып ағып кетіп жатқан оқыс оқиғалар өте көп. Мұның бәрі балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр»,-дейді білім басқармасының басшысы.

Ал түлектерге салтанатты аттестат тапсыру барлық мектептерде 20-22 маусым аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.