Биыл Шымкентте 17 мыңға жуық оқушы лагерьде тегін демалады

97

Шымкентте мектеп оқушыларының жазғы демалысы қалай өтеді? Бұл сұраққа қаланың бас ұстазы Жанат Тәжиева жауап берді. Сөзінше, биыл қала сыртында және мектеп жанында арнайы лагерлер ұйымдастырылмақ. Онда балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, дамуына бар мүмкіндік жасалады дейді білім басқармасының басшысы.

Биыл Шымкентте мектеп оқушылары үшін 237 лагер ұйымдастырылады. Оның 12-і қала сыртында орналасқан. Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, биыл жалпы 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын құрайды. Оның 16 715 –і қала сыртындағы, 137 555-і мектеп жанындағы лагерлерде демалады.

«16 715 бала тартылатын болады. Оның 9474-і демеушілер есебінен, 7241-і әлеуметтік осал топтағы отбасылар мемлекет есебінен және осы ерекше білім беруді қажет ететін 1153 бала балалар үйінің балалары тегін жазғы демалыстарын өткізетін болады»,-дейді білім басқармасының басшысы.

Балаларды сауықтыру, жетілдіру және дамыту мақсатында қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 308,5 млн. теңге қаралған. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген. Ал мектеп жанындағы лагерлер барлық білім ордаларында маусым айында ұйымдастырылады. Онда оқушылар күніне кемі 3 сағат уақытын тиімді өткізе алады.

«Оның өзін 4 бағытта өткізгелі отырмыз. Еңбекке баулу бағытында, «Жасыл қала» бағдарламасының аясында бір бағыт, екінші шығармашылық, яғни аула клубтары мен үйірмелердің жұмысына тарта отырып жүргіземіз. Үшінші бағыт-спорттық-туристік бағыт. Яғни, түрлі спорттық шараларға қатыстырып, белгіленген туристік аймақтарды аралау жұмысын жүргіземіз. Және интелектуалдық дебат, олимпиадалық резерв, яғни мынау көптілділік бағытта мектеп жандарында лагер ұйымдастырылғалы отырмыз»,-дейді Жанат Тәжиева.

Ал Ұлттық біріңғай тестілеуді 11-сыныптың 90 пайызы тапсырады. Яғни, биыл мектеп бітіргелі отырған 11 653 оқушының 10 545 оқушы тест тапсыруға ниетті. ҰБТ бұйрыққа сай ағымдағы жылы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді деп бекітілген. Ал жалпы үшінші мегаполисте 897 білім беру ұйымдарында 400 мыңға жуық білім алушы тәрбиеленіп жатыр.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Биылғы 2022-2023 оқу жылында қаламыздағы 897 білім беру ұйымдарында 399 598 тәрбиеленуде. Оның ішінде 246 мектепте 249 544 оқушы білім алуда (мемлекеттік 151 мектепте 215 204 оқушы, жекеменшік 95 мектепте 34 340 оқушы). (2021-2022 оқу жылы 203 мектеп, 242 525 оқушы). Оның ішінде: 11 сыныпта – 11 653 оқушы, 9 сыныпта – 21 485 оқушы (2021-2022 оқу жылы 11 сыныпта – 11 189 оқушы, 9 сыныпта – 19 251 оқушы».

Айта кетейік, 2022-2023 жылдың түлектерінің арасында 316 оқушы мектепті үздік тәмәмдап, «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Ал 641 оқушы «Үздік аттестат» алуға ниет білдіріп отыр.