Еңбекші ауданында 7 ауылға ауыз су құбырын тарту жұмысы жүргізіл жатыр. Биыл Қарабастау мен Жұлдыз тұрғын алабында 2000-ға жуық абонент сапалы суға қол жеткізеді. Құрылыс жұмысы қараша айына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Еңбекші ауданында 7 шеткі ауылды ауыз сумен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның бірі Жұлдыз тұрғын алабы. Ауылдың жаңа құрылыс аймағына 13 жарым км құбыр тарту жоспарланған. Құрылысы былтыр басталған нысан биыл қараша айына дейін ел игілігіне беріледі.
Мірболат Мірқұрбанов, «Сарыағаш-Аман» ЖШС-інің бас маманы: «Бүгінгі таңда Қарабастау жаңақұрылыс аймағында, Жұлдыз құрылыс аймағында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жұлдыз бойынша 13 жарым км жерге су тартуымыз керек. Қазір 13 км-і бітті. 145 құдық қойып үлгердік. Енді абоненттік құбырларын тартамыз»
Ауданда тұрғындарды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 94%-ды құрайды. Қазір аймаққа жаңадан қосылған елдімекендерге магистралды су құбырын тарту жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда оның ішіне Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас, Исфиджаб елді мекені кіреді. Құрылыс жұмысы аяқталса, 3724 абонент орталықтандырылған тіршілік көзіне қол жеткізеді
Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі: «Бұл аймақта қазір ауыз су тарту жұмыстары жүруде. Мердігер мекеме 2022 жылдан бастап өз жұмысын бастады. Биыл Қарабастау, Жұлдыз аймағындағы құрылыс жұмысын толық аяқтау жоспарланған. Қазір негізгі құбыр тартылып, магистралды құбыр тарту жұмысы басталып кетті. Жоспар бойынша құрылыс қарашада аяқталады. Бірақ күн жылыда халыққа беру жайында мердігер мекемеге өтініш айтып жатырмыз»
Аймақтың инфраструктуралық жоспарына сәйкес 2025 жылы аудан 100 пайыз сапалы сумен қамтылады. Ол үшін 5 ұңғыма қазылып жатыр. Қазір Базарқақпа мен Тоғыс елді мекенінде екі нысан салынып бітті.