Бүбісара Тұрдықұлова — Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылындағы теміржол станциясында кілең ерлер арасындағы жалғыз жол жөндеуші әйел. Оның қолына ауыр қайласын алып, рельсті бақылап, кем-кетігін жөндеп келе жатқанына тура 35 жыл болған. Теміржолшы әйел нені армандайды?
Сан бағытқа қатынаған әр пойызға қол бұлғап, ондағы жолаушыларға ақ жол тілеп жүретін Бүбісара Тұрдықұлова теміржол саласына тағдыр айдап келгенін айтты. Есепші мамандығы бойынша білім алған ол жұмыс болмағандықтан күйеуінің қасына жол монтері болып жұмысқа орналасады. Жолдасы екеуінің қиындық пен қуанышқа толы сәті осы теміржол станциясымен етене байланысты.
«Тұрмысқа шыққан соң мамандығым бойынша ауылдан жұмыс табылмады. Сол кезде күйеуім теміржолда істейтін. Мастерліктен бастап, кейін бригадир болды. Содан кейін үйде құр қарап отырғым келмей, жол монтері боп жұмысқа кірдім. Балалы болған соң олардың тамағын дайындап, енеме қалдырып кететін едім. Жұбайым екеуміз де таңның атысы, күннің батысы осы станцияда жүрдік. Бүкіл өміріміз, қиындық пен қуанышымыз осында өтті. Өкініштісі, жан жарым 4 жыл бұрын 55 жасында өмірден озды. Одан кейін 4 баланы осы теміржолдан тапқан нәпақаммен бағып келемін»,-деді Сарағаш ауданының тұрғыны Бүбісара Тұрдықұлова.
Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет
Өз сөзінде теміржолшы әйел жұмыс уақыты жазғы күндері таңғы сағат 6-дан басталатынын айтып қалды.
«Жол бойын жағалап, жолды тексеріп, түсіп қалған бұрандыларды саламын. Босап қалғандарын қатайтып бұраймын. Түске дейін осы жұмыстарды істеймін, ал түстен кейін рельсті жолға бұрып, тетігін тазалап, майлаймын. Пойыздар өткен кезде жолға құм төгіліп кетеді, соны да тазалаймын»,-деді ол.
Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет
Бүбісара апай жол монтері болып жұмысқа тұрғанда 25 жаста болған. Бұрын-соңды салмағы ауыр темір-терсек көтермеген оған жол жұмысын істеу оңай болмаған екен. Кейін келе станция басшылығы жеңіл жұмысқа ауысуды ұсынған. Бірақ өзі осы жұмыста қалуды қалапты. Себебі қолайсыз ауа-райында рельсте болатын өзгерісті, оны жөндеудің қыр-сырын жақсы біледі.
«Қыстың суығында рельстер тартылады. Ал ыстықта балқып, созылады. Сондықтан күн сайын жол бойын қадағалап көріп келемін. Сондай өзгеріс байқасам, шеберге (мастер) хабарласып айтамын. Жұмыстағы жігіттермен соны ауыстырамыз. Кейде жолға тастар сырғиды. Сондай кезде де демалыс күндеріне қарамай жұмысқа шығып тазалаймыз. Кейде өрісте жайылып жүрген мал тура пойыз өтерде жолға шығып кетеді. Жүгіріп жүріп айдаймыз. Осылай жұмыс істеп жүргеніме 35 жыл болыпты ғой»,-деді Бүбісара Тұрдықұлова.
Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет
Жұмысым жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді деген ол күнде көз алдында қаншама жолаушы мен тонналаған жүктің баратын жеріне аман-есен жеткені маңызды дейді. Сондықтан да жүктелген міндетті мүлткісіз орындауға барын салады.
«Жолаушылардың қауіпсіздігі — бізге өте маңызды. Олардың арасында біреу отбасымен кетіп бара жатады. Біреудің анасы, біреудің баласы болады. Сондықтан асқан жауапкершілік танытпаса болмайды»,-деп сөзін жалғады ол.
Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет
Қыстың ызғарлы суығына, жаздың аптап ыстығына, көктем мен күздің жаңбырлы күндеріне қарамастан ауыр темір-терсегін көтеріп, теміржол бойында тер төгіп жүрген Бүбісара үш ұл, бір қыздың анасы. Ол 2024 жылы зейнетке шығады. Сол күнге жетсе, немерелерімен бірге көрікті мекендерге пойызбен сапар шегуді армандайды.
Автор: Жанерке Хумар