Сауран ауданында 12 мектеп директорына айыппұл салынды

7934

Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Сауран ауданындағы 12 мектеп директорын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Өйткені білім ұяларының басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзған.

Департамент басшысы Ғалымжан Алматовтың айтуынша, лауазымды тұлғалар мектептің атауы өзгергеннен бастап 30 күн ішінде лицензияны немесе лицензияға қосымшаны қайта рәсімдеуге өтінішті бермеген. Осыған байланысты Сауран ауданының 12 мектеп басшысына 1 млн 863 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Осы ретте ведомстводағылар лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін өтініш беруші қандай құжаттарды ұсынуы қажеттігін де түсіндіріп өтті. Олар:

1) өтiнiш;

2) лицензиялық алым төлегенін растайтын құжат – 1 (бір) АЕК;

3) лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпарат қамтылған құжаттардың көшірмелері;

4) ҚР заңдарында көзделген өзге де құжаттар.

Бұған дейін Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Тоқсансай» жалпы орта мектебінің мұғалімдері тестілеу кезінде оқушыларға жауаптарды телефон арқылы жіберіп отырғаны туралы жазған болатынбыз. Ал Келес ауданында мұғалімдер оқушының орнына тест тапсырмаларын орындап бергені үшін «Болашақ» атындағы №43 жалпы орта мектеп директорының басы дауға қалған еді.