Шымкентте Қытай инвесторлары жаңа кәсіпорын ашады

98

Шымкентте қытайлық инвесторларға бизнесті дамыту үшін жеңілдіктер қарастырылған. Бұл үшінші мегаполисте бизнесін дөңгелетуді жоспарлаған кәсіпкерлер үшін өте тиімді ұсыныс. Қазір бірнеше шетелдік инвестор өз кәсіпорнын ашуға млрд доллардан аса қаражат құйып үлгерді. 

Қазақстан мен Қытай арасында ынтымақтастық нығайып келеді. Үшінші мегаполисте шетелдік компания тағы да өз өндірісін ашуды жоспарлап отыр. Аспан асты елінен келген Шен Фа Тонг есімді кәсіпкер бірнеше жыл қатарынан бизнесін кеңейтетін аймақты іздеген көрінеді. Шымкенттің инвестициялық әл-ауқатын саралаған ол, «Оңтүстік» индустриялық аймағында жасалған жағдайға көңілі толғанын айтады.

Шен Фа Тонг, инвестор: “Біз марганец шығарамыз, содан кейін оны арматура шығарылатын зауыттарға жібереміз. Мен ұзақ уақыт бойы бизнес үшін қолайлы ел таңдадым. Қазақстанның барлық мүмкіндіктерін зерттеп шықтым. Соның ішінде Шымкентте жасалған мүмкіндіктер мені қызықтырды. Мұнда бәрі бар, бизнесіңді жүргізуге ыңғайлы. Біздің компанияда 70 пайыз жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Бұл біздің ең басты ұстанымымыз болды».

Ал мұнда керомагранит өндіретін жаңа зауыт салынып жатыр. Қытайдан келген инвесторлар аталған жоба үшін 18 млн. доллар қаражат құйған. Қазір жаңа индустриялық аймақ шетелдік ірі компаниялардың шоғырына айналды. Себебі бұл аймақтан кәсібін ашқан бизнес иесі корпоративтік, табыс, мүлік және жер салықтарынан босатылады.

Қытаймен байланыс тек экономикалық тұрғыда ғана дамып жатқан жоқ. Жақында мемлекет басшысының көршілес елге жасаған сапарында Сиян мен Шымкент бауырлас қала атанды. Алда екі шаһар өзара тәжірибе алмасатын болады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Сиян қаласының мэрімен келісіміміз бар, біздің бір топ ұжымды сол жаққа жіберіп, олар содан кейін бізге келіп, біздің қай жерде қарым-қатынас орнатып, дамыту үшін бір жол картасын жасауға келісім жасадық. Бұл ел президентінің бауырлас қалаға жасаған бастамасы деп білеміз».

Айта кетейік, Қазақстанда Қытай ұлттық мұнай корпорациясы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олар Шымкент мұнай өңдеу зауытының дамуына үлкен үлес қосты. Ал алда аспан асты елінің кәсіпкерлері Түркістан облысында Шери, Жак и Хавалл сынды автокөлік шығаратын кәсіпорын ашуды көздеп отыр.