Шымкентте 9 мамыр — жеңіс күніне орай ұлттық спорт түрлерінен турнир өтті. Еңбекші ауданына қарасты Елтай тұрғын алабында ұйымдастырылған дүбірлі додаға тек Қазақстаннан ғана емес, шетелден де арнайы қонақтар келді. Қытай,Корея, Германия және Бельгия азаматтары қазақтың мәдениеті мен ұлттық спортымен танысып, таңданыстарын жасырмады.
Қазақтың ұлттық дәстүрімен танысу үшін Қытай, Корея, Германия және Бельгия азаматтары арнайы Шымкентке ат басын бұрды. Бүгін Елтай тұрғын алабында жеңіс күніне орай ұлттық спорт түрлерінен турнир өтті. Қытайдан келген Алиса Лю дүбірлі додаға қатысып, ерекше әсер алдым дейді. Әсіресе, балалардың ұлттық құндылыққа деген қызығушылығы таңқалдырғанын жасырмады.
Алиса Лю, Қытай Республикасының азаматы: «Маған өте қатты ұнады. Барлығы көңілді әрі мейірімді жандар екен. Маған ең қызықтысы — сіздердің мәдиеттеріңізді өз көзіммен көріп, сезіну болды. Қазақтың салт-дәстүрімен таныстыратын осындай іс-шаралар көп болса екен. Барлығыңызды жеңіс күнімен құттықтаймын».
Есімхан Жаңабаев, жеке кәсіпкер: «Германия, Бельгия, Қытай, Оңтүстік Кореямен арнайы іс-шаралар өткізіп отырамыз. Бүгінгі жиынға солар да келіп отыр. Негізгі ниетіміз, мына киіз үйлерді тігіп, ұлттық тағам мен ұлттық спорттымызды көрсетсек, дәстүрімізді таныстырсақ деген. Қазақтың кім екенін білсін деп шақыртып отырмыз».
Жеке кәсіпкер Есімхан Жаңабаев туған жеріне келіп турнир өткізуді жыл сайынғы дәстүрге айналдырған. Ал биыл, қала әкімдігімен бірлесіп шетелден қонақтар шақырып, жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Жүлде қоры да аз емес, 4 млн. теңгеден асады. 200-ден астам спортшы 10 ұлттық спорт түрі бойынша бақ сынайды.
Досалы Амангелдиев, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Мұнда тек Еңбекші ауданы, Елтай тұрғын алабы ғана емес, көршілес Төлеби ауданының азаматтары да келіп отыр. Олар да қатысып жатыр. Жалпы мұндағы басты мақсат-жастар арасындағы бұқаралық спортты дамыту, ұлттық спортты дамыту».
Одан бөлек, ауыл тұрғындары ұлттық киім үлгілері бойынша да сайысқа түсіп жатыр. Арасында ең әдемі әрі ең қазақи киім киіп келген азаматтар жеңіске жетіп, жүлделі болады. Жалпы ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге шақыратын бұл шараның жастарға берері көп. Осылай деген Шымкент қалалық орталық мешіт имамының орынбасары мұндай бастаманы әрі қарай дамыту қажет екенін айтады.
Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қалалық орталық мешіті имамының орынбасары:
«Біз 5 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Оның бірі — дін мен дәстүр. Халқымызға дін мен дәстүрді қатар үгіттеу. Бүгін міне, соның ерекше үлгісі. Ләңгі тебу, гір тасын көтеру, күрес сынды спорт түрлерінен үлкен сайыс өтіп жатыр. Мұның жастарға, мына елдімекенге көп пайдасы бар».
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Шымкентте ұлттық спорттың дамуына ден қойылып жатыр. Ұлт жанашырлары салт-дәстүрімізді тек наурыз мейрамында ғана жаңғыртып қоймай, жыл он екі ай дәріптейміз деп отыр. Қала әкімдігі де алдағы уақытта мұндай іс-шараларды көп өткізуді жоспарлауда.