Шымкентте 72 жастағы қария аурухананың үшінші қабатынан секіріп, көз жұмғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Қайғылы оқиға 18 мамыр күні түнгі сағат 23:15 шамасында болған. Егде жастағы ер адам 7 мамыр күні №2 қалалық ауруханаға «кеңірдегін кесу» арқылы суицид жасау дерегімен түскен екен. Дегенмен, онда хирургтардың болмауына байланысты №1 ауруханаға ауыстырылған.
Науқастың жағдайына байланысты көмейін тігу үшін жедел ота жасалып, 10 мамырға дейін жансақтау бөлімінде жатқан. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі болғаннан соң, оған психологиялық көмек көрсетіліп, туыстары шақырылған.
Алайда, 18 мамыр күні туыстары белігісіз себептермен ауруханадан кетіп қалған екен. Дәрігерлер марқұмның суицид жасауына «өзін жалғыз қалдым деп сезінуі» ықпал етуі мүмкін деген пікір айтып отыр. Ал 72 жастағы қария басынан алған ауыр жарақаттардан оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Қуаныш Лекеров, №1 қалалық клиникалық аурухананың әдістемелік бөлім басшысы:
«Бас миының шайқалуы, бас миы сүйегінің сынуы секілді ауыр жарақаттар болған. Негізі туысқандары қасында отырғандықтан қаншама күн мұндай жағдай болмаған ғой, енді туысқандары кетіп қалғаннан кейін «мені тастап кетті» деп ойлағаннан деп пайымдап отырмыз. Өйткені біздің №1 қалалық аурухананың хирургиялық деңгейінде өте жоғары деңгейде көмейі тігіліп, бірінші хирургиялық өңдеу жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылып, бірінші жоғары медициналық қызмет көрсеткенбіз».
Гүлдана Дәурен