Жағымсыз иісті жою үшін Бөржар су жинақтағышына хлорелла төгілді

21

Бөржар су жинақтағышына кезекті рет хлорелла құйылды. Жағымсыз иісті болдырмау мақсатындағы жұмыстың алғашқы кезеңі желтоқсан айында өткен еді. Бүгінгі таңда Петропавлдан келген мамандар ағынды су тазарту құрылғылары кешенінің бастапқы тұндырғыштарында далалық сынақтар өткізіп жатыр.

Бөржар су жинақтағышына хлорелла штаммының кезекті партиясы төгілді. Пайдалы микроорганизмдердің алғашқы бөлігі желтоқсан айында құйылған. Қазіргі ауа-райы хлорелланың жергілікті климатқа тез бейімделуіне ыңғайлы болғандықтан Петропавл су зерттеу ғылыми-техникалық орталығының мамандары жұмысқа кірісіп те кетті.

Александр Рейбанд, Петропавл су зерттеу ғылыми-техникалық орталығының (НТЦВ) әкімшісі: «Хлорелла, кез-келген өсімдік сияқты, суға түсіп, нитриттер мен нитраттарды, шіріген органикалық заттарды белсенді сіңіре алады және көп мөлшерде оттегіні бөледі. Көмірқышқыл газын жақсы сіңіреді. Бірнеше ұтымды тұстары бар – көп мөлшерде бөлінетін оттегі, суды сүзетін және оны өзіне тартатын көптеген микроорганизмдерді қоздырады. Олар кішкентай болып көрінгенімен, су қоймасын тәулігіне екі рет өткізуге қауқары жетеді».

Су зерттеу жөніндегі ғылыми-техникалық орталық мамандары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшылығының тапсырысымен бірқатар зерттеу жүргізді. Басты мақсат – жағымсыз иісті болдырмау үшін хлорелла штаммын қолдану. Қазір Петропавл кәсіпорнының өкілдері қаладағы ағынды су тазарту құрылғылары кешенінің бастапқы тұндырғыштарында далалық сынақтарды жүргізіп жатыр.

Александр Рейбанд, Петропавл су зерттеу ғылыми-техникалық орталығының (НТЦВ) әкімшісі: «Хлорелланы енгіземіз. Ол белсенді түрде белгілі бір процестерді бастайды. Бұл өзі бірнеше кезеңдерден тұратын процесс. Нәтижесінде, жағымсыз иіс шықпайды. Ең маңыздысы – бұл химия емес, биологиялық процесс. Яғни, табиғатқа зияны жоқ. Алдын-ала зертханалық жағдайда біз барлығын тексеріп, нәтижелі болатынына көз жеткіздік. Енді осылай тұндырғыштарда пайдаланамыз».

Су қоймасына хлорелла суспензиясын құю – ғылыми-зерттеу орталығы жұмысының соңғы кезеңі. Кәріз жүйесінен шығатын жағымсыз иісті болдырмау үшін жасалып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Жақын арада Шымкент қаласына «дымқыл тосқауыл» жүйесін кеңінен енгізумен айналысатын арнайы мамандар келеді. Бұл жүйе де жағымсыз иістің таралуына тосқауыл болады.

Гүлдана Дәурен