Жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған

282

 

Жастарға сапалы білім беру, ғылыми бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау, оларды жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған.

Дуальді және қос дипломды оқыту жүйесінің негізінде түлектер өз мамандықтарымен бірге қосымша мамандық алып, жұмыспен қамтылу мүмкіндігі де артып отыр. Сонымен қатар, қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім беру бағдарламасы түзілген. Шетелдік және республиканың жоғары оқу орындарымен бірлесіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып келеді.

Жастардың мамандықты дұрыс таңдауы, сапалы білім алуы — өзекті мәселе. Себебі, еліміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жастардың мамандық таңдауына, өзі таңдаған кәсіпке деген ынтасына, алған біліміне байланысты және осы мәселеге ерекше көңіл бөлген жөн.

Мен студенттерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде алты түрлі пәннен дәріс беремін. Олар — «Жалпы химия», «Элементтер химиясы», «Заманауи химияның теориялық негіздері», «Комплексті қосылыстар химиясы», «Химиядағы кәсіби ағылшын тілі», «Химиялық қосылыстардың жіктелуі мен номенклатурасы». Алдағы жылдары мен студенттерге бірнеше жаңа заманауи пәндер ұсынбақпын: «Трансуран элементтерінің химиясы», «Заманауи химияның жетістіктері», «Есептеу химиясы», «Ядролық химия», «Плазма химия», «Заманауи химия ғылымының жетістіктері».

Біздің студенттер өз пікірін еш тартынбастан, ашық жеткізуге дағдыланған. Ал, интерактивті дәрістер олардың дамуына жол ашады. Мен осындай дәрістерде студенттердің ғылыми сипаттағы кез келген пікірін құптаймын және олардың ізденісіне қуанамын.

Сапалы білім берудің заманауи құрылымы және оқыту әдістерінің өзгеруі оқытушылардан кәсіби шеберліктерін жаңартуын, инновациялық тәсілдерді кең қолдануын қажет етеді. Оқытудың жаңа технологияларын енгізе отырып, сапалы білім беру — университеттің профессор-оқытушылар қауымы алдындағы басты міндет. Ал, жаңа технологияны оқу бағдарламасына енгізудегі басты мақсаты – студентке сапалы білім бере отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру және өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Химияны оқытудың белсенді технологиясын, химия-физика-математиканың пәнаралық байланысын жүзеге асыру, химиялық зерттеулерге университеттің зертханасын тарта отырып мектеп пен университетті бірлестіріп оқытуды ұйымдастыру, студенттердің ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін қалыптастыру, химия пәнінен жағдаяттық тапсырмаларды пайдалану сынды химияны оқытудың заманауи әдістерін енгізуге талпынып жүрмін.

Бүгінде университеттің «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебі мен «Химия және фармацевтикалық инженерия» кафедрасында мыңға жуық студент білім алып жүр. Білімге құштар, креативті ойлай білетін жаңашыл ОҚУ студенттерінің білікті маман атанатынына сеніміміз мол. Бүгінгі студенттер — біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.

Сәуле НАЗАРБЕКОВА,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

«Химия және фармацевтикалық инженерия» кафедрасының оқытушысы,

химия ғылымдарының докторы, профессор