Д.Сатыбалды: «Ветеринария саласын реформалау қажет»

52

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыс барысын сынға алды. Сөзінше, ветеринарияны сапалы жаңа деңгейге көтеру керек. Яғни, реформа қажет. Жалпы бұл басқарма тұрғындардың өтінішімен өткен жылдың желтоқсан айында құрылған еді. Алайда, әзірге оң нәтиже байқалмайды деді өңір басшысы.

«Саны бар сапасы жоқ бақылаушылар көп. Тиісінше нәтиже де мәз емес». Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ветеринария басқармасының жұмысын сынға алды. Сөзінше, статистикалық дерек пен дерекқор базасындағы мал санында айырмашылық тіркеліп, екі түрлі дерек қалыптасқан. Өңір басшысы мұны ретке келтіруді тапсырды. Одан бөлек, басқарма басшысына құрғақ есептің орынына нақты жоспар дайындауды жүктеді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Былтыр тұрғындар осы салада жаңа басқарма құру туралы өтініш айтқан еді. Сол сұраныстарды қарастыра келе басқарма құрылды. Енді мүмкіндікті пайдаланып, жұмысты күшейткен жөн. Проблема өте көп. Әсіресе Сайрам төңірегінде мәселе көп. Бүгін жай есеп бердіңіздер ғой. «Мынандай проблема бар, анандай проблема бар» деп, ал ендігіде жоспарларыңызды айтыңыздар. Мұны бір жүйеге қою керек. Көрші мемлекеттер мен шетел тәжірибесін де ескеріңіздер».

Ветеринария саласындағы қордаланған мәселелерді ортаға салған басқарма басшысы Ғани Құрманбай оларды шешу үшін алдағы жылдарға бюджеттік бағдарлама енгізуді ұсынды. Жалпы басқарма 2022 жылдың желтоқсан айында құрылған. Өткен жылы өңірде 1 035 ірі қара мал басы, 4530 ұсақ мал тіркелген. Олардан 247 мың тонна ет және 767 мың тонна сүт өндірілген.

Сонымен қатар, облыста жануар мен адамға ортақ 16 түрлі аса қауіпті ауру түрі де тіркелген. Осы аурулардың алдын-алу үшін, уақытылы ветеринариялық шаралар яғни, диагностикалық зерттеу мен вакцинациялау жұмысы қарқынды жүргізіледі.

Ғани Құрманбай, Түркістан облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
«Аталмыш кәсіпорында 1989 бірлік мамандар жұмыс атқаруда. Олар орталық аппаратында 33 қызметкер, 17 ауданда филлиал бар. Одан 186 ауылдық округті меңгерушілер, 779 ветдәрігерлер және 974 ветфельдшерлер жұмыс істейді».

Бұдан бөлек, талдау барысында ветеринариялық шаралар бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Вакцинацияда да олқылықтар бар. Бұл сала мамандарының кей дерекқордың дұрыс жүргізбеуінен және ондағы ақпараттың жаңартылмауынан туындаған. Сондықтан облыс басшысы мамандарға әр іске жауапкершілікпен қарауды тапсырды.