Ел аумағында 15 мыңнан аса шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Мигранттардың басым бөлігі — 35 пайызы құрылыс саласында жұмыс істейді.
1500-ге жуық адам ауыл шаруашылығында, 1 мыңнан астам шетел азаматы тау-кен саласында еңбек етеді. Өңдеу өнеркәсібінде 960 адам және ғылыми-техникалық қызметте 976 маман жұмыс істейді. Шетелдік жұмысшылардың басым бөлігі Қытайдан келген. Бүгінде көрші елдің 3600-ден астам тұрғыны Қазақстанда табыс тауып жүр.
Сондай-ақ, еңбек нарығында өзбекстандық 1843, Үндістаннан 1741, Түркиядан 1 жарым мың адам бар. Министрлік жыл сайын шетел мамандарын тартуға квота бөліп отыр. Былтыр елдегі жұмыс күшінің санына қарай 22 мыңнан астам адамға ел аумағында жұмыс істеуге рұқсат берілген.