Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Айтулы мереке Шымкент қаласындағы орталық саябақта кең көлемде аталып өтті. Онда балаларға арналған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Балаларды құттықтауға, олармен бірге болуға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков келді.
Балалық шақ – адам өміріндегі ең жарқын әрі ең бақытты кезең. Сондықтан әр баланың алаңсыз өсіп, арманына қанат бітіруі – қоғам алдындағы маңызды міндет.
Бүгін — Халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай Шымкенттегі Орталық саябақ балалардың шат күлкісіне толды. Оған қосылған көтеріңкі көңіл-күй мерекенің сәнін кіргізді. Бүлдіршіндер сурет салып, ән айтып, би билеп, спорттық сайыстарға қатысып, өз өнерлері мен қабілеттерін паш етті.
Балаларды қорғау күні – тек ойын мен мерекенің күні емес. Бұл – әрбір баланың қауіпсіз өмір сүруге, сапалы білім алуға, денсаулығын нығайтуға және өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруға құқығы бар екенін еске салатын маңызды дата. Осындай айтулы күнде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мерекелік алаңды аралап, балалардың шығармашылық көрмелерімен танысты. Сонымен қатар жас өнерпаздардың өнерін тамашалап, бүлдіршіндермен естелік суретке түсті.
Балаларын мерекелік шараға әкелген ата-аналар мен жетекшілері олардың шат-шадыман бейнесін көріп тәнті болды. Ұйымдастырушыларға разылығын білдірді.
«Қорғалған ғой біздің балалар. Бақытты. Билеп жатыр. Немеремді әкеп тұрмын. Күшті болып жатыр, жақсы болып жатыр. Тек бақытты болсын балалар дейміз».
«Бала – біздің болашағымыз. Үкімет балаларға көптеген жағдай жасап жатыр. Жазғы лагерлер. Кітапхана сыртынан да демалыс орындар ашылған. Бала өзіне қажетін алып, білім нәрімен сусындап жүрсе деген ниеттеміз».
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, мерекелік іс-шараға 1500-ден аса өнерпаз бала қатысып жатыр. Олардың өнерін тамашалауға 2 мыңға жуық адам келеді деп жоспарланған. Өнерпаздардың барлығы мемлекеттік және жекеменшік үйірмелерге барады. Олардың жүзден астамы балалар үйінің тәрбиеленушілері. Басқарма басшысының сөзінше, қалада білім тәрбиеден бөлек, бала қауіпсіздігі де сақталған.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Балалар емін-еркін, қалаған уақытында саябақтарда болсын, ауласында жүреді. Бұл ненің белгісі? Ол қауіпсіздік бар деген сөз».
Шымкентте 280 мыңға жуық бала білім алады. Мектепке дейінгі мекемелерде 80 мыңға тарта бала тәрбиеленеді. Балалардың 40 пайызы қосымша біліммен қамтылған.
Дилара Иса






