Шаһарда «Есірткіге жол жоқ!» акциясы өтті

141
Жастар есірткіге қарсы

Бүгін Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні. Осыған орай, шаһарда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Есірткіге жол жоқ!» акциясы өтті.

«Есірткіге жол жоқ!» акциясы Абай ауданына қарасты 3- шағынаудан аумағында ұйымдастырылды. Жастар қанатының белсенділері, қаладағы тиісті құзырлы органдардың өкілдері және халық қалаулылары бұл дертке қарсы қоғам жұмылуы тиіс деп есептейді. Өйткені, синтетикалық есірткіні пайдалану жастар арасында белең алуда. «Бұл алаңдататын жәйт» дейді акцияны ұйымдастырушылар. Статиститкаға жүгінсек, соңғы 3 жылда елімізде тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе көбейген, түрі 50 есе артқан.

Бауыржан Қарабеков, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі: «Қазіргі таңда  синтетикалық есірткіні насихаттау және  заңсыз жарнамалау белең алып барады. Графикалық сурет арқылы және де өзге жолдармен нашақорлық пен есірткіні заңсыз жарнамалау, пайдалану заңмен жазаланатынын еске саламын. ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 бабы бойынша  3 жылға дейін және 3-6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған».

Салауатты өмір салтын насихаттауға бағыталған іс-шараға Шымкент қалалық мәслихат депутаты, қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі және Шымкент қаласы Прокуратурасының өкілдерімен қоса учаскелік инспекторлар және Жастар қанатының белсенділері қатысты. Рейдтік шарада есірткі жайлы жазбалар мен суреттерді өшіру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Нұрсұлтан Балабиев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Біз есірткіге жоқ деп айтамыз. Онымен күреске барлық азаматтарды шақырамыз. Болашағымыз өз қолымызда, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын».

Мемлекет басшысының бастамасымен есірткі заттарына қарсы кешенді жоспар дайындалуда. «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңесі бұл мәселені жан-жақты талқылап, тиісті құзырлы орындарға ұсыныс пен талаптар жолдады. «Есірткіге жол жоқ!» акциясы атаулы күндері ғана емес, дертпен күрес тұрақты түрде жалғасады»,-дейді ұйымдастырушылар