Шымкентте бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Шара жыл сайынғы дәстүр бойынша Арбат алаңында ұйымдастырылып, онда қала тұрғындарына 5 мың бос жұмыс орны ұсынылды. ЖОО тәмәмдап, жұмыссыз жүрген азаматтарға 120 мекеме есігін айқара ашты.
Шымкентте 5 мың бос жұмыс орнын ұсынған «Мүмкіндіктер алаңы» өтті. Екі қолға бір күрек іздеген жанның бірі Жандос. Ол осыдан 3 жыл бұрын Алматы қаласында істі болып, шартты түрде сотталған. Оған дейін Жандос заңгер мамандығын бітірген. Сондықтан ол мұнда жекеменшік фирмалардың біріне жұмысқа орналасамын деген үмітпен келіпті.
Жандос, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен заңгер мамандығын бітіргенмін. Алайда жұмыс істеп үлгермедім. 2020 жылы қылмыстық кодекстің 194 бабы 3 тармағы бойынша сотты болып қалдым. Келесі жылы мерзімім аяқталады. Сондықтан осында келіп түрлі фирмалармен сөйлесіп көріп жатырмын. Жұмысқа тұрып кетемін деген ойдамын»
Жәрмеңкеге 120 жұмыс беруші мекеме қатысты. Соның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша солтүстіктен келген кәсіпкерлер де бар. Биыл шараға 7 өңір қатысып отыр. Атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары. Абайлық мамандар Семейге қоныс аударуға ниеттілерге тек жұмыс орнымен ғана емес, тегін баспанамен қамтамасыз ететінін айтады.
Ерсін Құдайбергенов, Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы: «Абай облысынан 4 ауданды әкеліп қатысып отырмыз. Қазіргі таңда 901 бос жұмыс орны жарияланған. Соларды осы жақтың азаматтарына ұсынып отырмыз. Мамандар өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім, медицина саласында қажет. Қоныс аударып келушілерге тегін үй, мал, жер беру қарастырылған. Мысалы Аякөз ауданында мал мен жер тегін берілсе, Жарма ауданында тұрғын үй тегін беру қарастырылған»
Биыл үшінші мегаполисте 57 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Ал бүгінгі жәрмеңкеде жоғары білімі бар жастарды тұрақты жұмыс орнына жолдау көзделіп отыр. Сала жауаптыларының сөзінше техникалық мамандақтарға сұраныс биыл да жоғары.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Сұранысқа ие мамандықтар құрылыс және техникалық мамандықтар. Былтыр да дәл солай болып еді. Бұл бойынша резерв қалыптастырып, оқу орындарымен сөйлесіп, тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. 2021 жылы тек жастарға арнап өткізіп едік. 2022 жылы дәл осылай барлық кісіні қамтыды. Биылдың ерекшелігі солтүстіктен 7 облыс келіп отыр. Ал былтыр 5 қана облыс келіп еді»
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 3 жылдан бері өткізіліп келеді. Былтыр мүмкіндіктер алаңында 4 мың орын ұсынылып, 1000-ға жуық азамат жұмысқа орналасқан еді. Биыл 3800 тұрғынға кеңес беріліп, оның 1270-іне жолдама берілді.