Түлкібастық түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады

1997

Түлкібас ауданындағы түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады. Абай және Б.Садықов атындағы мектептердің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері қосылып, мүмкіндігі шектеулі қыз тәрбиелеп отырған Кемелбековтер отбасына аудан орталығынан 6 бөлмелі, қорасы мен моншасы, сарайы бар баспана кілтін табыстады.

Түлектер ортадан ақша жинап, 8 млн 6 жүз мың теңгеге алынған үйдің ішін қажетті жиһаз-техникалармен де ішінара жабдықтап берген.

Отағасы, әйелі және қызының мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Баспана кілтін табыстау игі шарасына аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді. Ауданның бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға  ризашылығын білдіріп, өмірден өткен түлектердің сыныптастарының рухына құран бағыштады.

Шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыстады.

Еске салсақ, осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғаш болып Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Игі дәстүрді кейінгі түлектер де жалғастырып, бұл сауапты іс дәстүрге айналып келеді.