Әскерге кімдер шақырылмайды? Заңгер кеңесі

564

Еліміздің 18-27 аралығындағы барлық ер азаматтары әскерге баруға міндетті.  Өйткені Отан алдындағы борышты өтеу керек. Ал әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босатудың жайы мүлдем бөлек. Сонымен, қай санаттағы адамдар бейбіт уақытта әскерден босатылады?

Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, 27 жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған азаматтар әскерден босатылады. Сонымен қатар туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызметті өтеу кезеңінде мiндетін орындау барысында қаза тапқанда немесе бірінші, екінші топтағы мүгедектік белгіленгенде, әскери қызметті басқа мемлекетте өткендер, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Бұдан өзге бұл санатқа ғылыми дәрежесi бар азаматтар, ресми тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметкерлері жатады.

«Ал балалы отбасы әрі денсаулық жағдайында қандай да бір кінәраты бар, күндізгі бөлімде оқитындар, кәсіби қызметін атқарып жүрген педагогтер, ауылдағы дәрігерлер, Парламенттің немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттары әскерге шақырудан уақытша босатылады. Сондай-ақ алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық iсін сот қарап жатқан адамдар үшін әскерге шақыру мерзімі кейінге қалдырылады»,-деді заңгер.