«Ауыл – Ел бесігі»: 337 жобаға 31 млрд. теңге бөлінді

40

Түркістанда «Ауыл – Ел бесігі» аясында 337 жоба жүзеге асады. Оның 240-ында құрылыс жұмысы биыл басталған. Ол үшін бюджеттен 31 млрд. теңге қаралды. Қомақты қаражат қай бағытта жұмсалады? 

Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» аясында 337 жоба іске асырылады. Ол үшін бюджеттен 31 млрд. теңге бөлінген. Жоба аясында 163 елді мекенде мемлекеттік мекемлелер қайта жаңғырып, инфрақұрылым жүйелері құрылады.

Қанатбек Қайыпбек, ТО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «337 жобаның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. бюджеттен бөлінген 31,0 млрд. теңгенің 14 млрд-ы республикалық бюджеттен, 17 млдр-ы облыстық бюджеттен алынған»

«Ауыл – Ел бесігі» арқылы өңірде 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіледі. Ал 222 ішкі көше жөндеуден өткізілмек. Облыс басшысы осы бағдарлама қаражатын тек 1 ауылға бөліп, бар мәселесін 1 жылда толық шешуді ұсынды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біз «Ауыл аманатын» алып отырмыз. Ауылдық округті 1 жылда қамтамасыз етеміз. Келесі жылы басқа ауыл. Сол сияқты бұл жобадан да соны неге қолға алмаймыз? Мысалы аудандағы ең қирап жатқан ауылдан бастайық. 1 ауылды ма, немесе 1 ауылдық округті ма алып, мектебін, балабақшасын, басқасын бәрін бітіріп кетсек. Осы бойынша ұсыныс беріңіздерші, өзіміз бір жүйеге келтіруіміз керекпіз ғой»

Қазірге дейін 240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Оның 191-і бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарт түзілді.