Келес ауданындағы екі ауылға табиғи газ берілді

45

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Келес ауданындағы екі бірдей ауылға көгілдір отын қосып берді. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған еді. Араға 2 жыл салып, 544 абонент табиғи газбен қамтылды. Көптен күткен көгілдір отынға қолы жеткен тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Әр шаңыраққа жылу мен қуаныш сыйлауды мақсат еткен «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Келес ауданында қос ауылға табиғи газ қосып берді. Көгілдір отынға қолы жеткен Оразбаевтар әулетінде бүгін үлкен мереке. Себебі 30 жылдан астам уақыт бойы көмір жағып, күл шығарған Айнаш Құтаеваның жұмысы жеңілдеді. 4 баланың анасы енді қыстың суық күндерін ойлап, уайымдамайтынын айтады.

«Бүгін — қуанышты күн. Бізге осы көгілдір отын келіп жатыр. Өте куаныштымыз. Осы үйге келін боп түскеніме 35 жыл болды. Осы 35 жылдан бері көмір жағып, күл шығарып келе жатырмыз. Енді қуаныштымыз. Бізге газ келіп, көгілдір отынның рахатын көреміз деп ойлаймын»,-деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Айнаш ҚҰТАЕВА.

Жамбыл-2, Бәйтерек ауылдарына газ жеткізу үшін 25 шақырымдай газ құбыры тартылған. Ал тұрғындарды бүгінгі қуанышымен құттықтаған «ҚазТрансГаз Аймақ» басшысы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын айтады. Бұдан бөлек газ мамандары ауыл тұрғындарына табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау мен газды үнемді пайдалану ережелері жазылған ескертпе парақшаларын таратты.

«Бүгін үлкен жобаны іске қосып жатырмыз. Түркістан облысы әкімдігі мен «QazaqGaz» компаниясы бірге жүзеге асырды. «ҚазТрансГаз Аймақ» Жамбыл-2, Бәйтерек ауылдарын газбен қамтамасыз етеді бүгіннен бастап. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы жылыту маусымына дайындық ретінде өте маңызды, күрделі жұмыстар жүргізіп жатыр. Кестеміз бар, соның негізінде жұмыс жасап жатыр»,-деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан АСҚАРОВ.

Бүгінгі күні «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының алдағы жылыту маусымына дайындығы 72 пайызды құрайды. 863 шақырымдай газ құбыры аспаптық тексеруден өткізіліп, табылған ақаулар жөнделді. Газ мамандарының жоспарына сәйкес, қыс мезгіліне дайындық жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс.

Жалпы Келес ауданында көгілдір отынмен қамтылған ауылдар көрсеткіші 78 пайызға жетті.

«Қазіргі таңда Бірлік, Ошақты ауылдық округтеріне жобалық-сметалық құжаттарды дайындап отырмыз. 100 пайыздық көрсеткішке 2025 жылы жетеміз. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы қызметкерлеріне елмен біріге отырып, мердігер мекемелерді шақырып, бірге осы істі қосып отырмыз»,-деді Келес ауданының әкімі Жәнібек АҒЫБАЕВ. 

Биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен әкімдік бірлесе отырып, тағы 6 ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарын жүргізіп жатыр.