Шымкенттік бастауыш сынып оқушыларының шахматқа деген қызығушылығы артып келеді

69

Шахмат ойыны жасарып келеді. Бүгінде шымкенттік ата-аналар кішкентай балаларын бұл ойынды кәсіби деңгейде меңгеру үшін арнайы шахмат үйірмелері мен  арнайы орталықтарға жібереді. Мұндағы мақсат — өсіп келе жатқан жас баланың зейінін арттыру, ақыл-ойын кеңейту.

Еңлік Дүйсебай биыл екінші сыныпты тәмамдады. Бастауыш сынып оқушысы былтыр күзден бері шахмат үйірмесіне қатысып жүр. Еңліктің айтуынша, шахматқа деген қызығушылығын әкесі оятқан екен. Бүгінде ол шахматтың қыр-сырын үйреніп, кәсібилігін арттыру жолында еңбектеніп келеді.

«7-8 айдай болып қалды. Спортты бұл түріне өзім келдім, әкеме айттым. Үйде әкем ғана шахмат ойнайды, басқалары ойнай алмайды. Мен оларға үйретемін»,-деді Еңлік Дүйсебай.

Шахмат — ежелден келе жатқан ойын түрі. Қазіргі уақытта қалада әлемде ең көп тараған ойынға деген сұраныс жоғары. Тәжірибелі жаттықтырушы Әбдіқадыр Яхияевтің айтуынша, оған себеп — шахматтың адамның ойлау қабілетіне тигізетін пайдасы мол.

«Менде 21 фигура болады, мысалы 10 және ладия 5. Екеуін қосамын 15, қаралардан мәселен 10 уәзір және піл 3 балдан тұрады. Кімде көп деген сұраққа жауап беретін болсақ, ол ақтарда 2 балға көп екенін білдіреді. Бала автоматты түрде миымен есептей бастайды. Яғни, ол есептік нұсқаларды есептейді. Оқу ақысы — 12 мың теңге. Бізде басшылықтың шешімі бойынша көпбалалы отбасылар мен өзге санаттағыларға жеңілдіктер қарастырылған»,-деді Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат мектебінің аға жаттықтырушысы Әбдіқадыр Яхияев.

Айта кетейік, Шымкенттегі Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат орталығы 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Оқу барысында оқушылар аналитикалық ойлау қабілеті, интуиция, шыдамдылықты үйренеді. Орталықта ойынның ережесі 3 тілде айтылады. Мамандардың айтуынша, бұл болашақ шахматшылардың халықаралық жарыстарда бой көрсетуіне оң ықпал етеді. Қазір мұнда 80-ге жуық адам білім алып жатыр.