Жалпы құны 40,0 млн. теңге көлемінде кәсіпкерлік бағытындағы 1 жобаға несие берілді

29

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша 2023 жыл І жарты жылдықтың қорытындысымен индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жоғары деңгейге жетті.

 

Өнеркәсіп саласы бойынша да өрлеу бар. Кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімінің көлемі І жарты жылдықтың қорытындысымен – 6,1 млрд. теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,3%-ға орындалды. Өткен жылы яғни, 2022 жылдың 6 айында 5,6 миллиард теңге болған болатын.

Инвестицияға келер болсақ, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жарты жылдық қорытындысымен – 14,3 миллиард теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,4 пайызға немесе 1 миллиард теңгеге артқан, ал өткен жылғы көрсеткіш бойынша яғни, 2022 жылдың  6 айында 13,3 миллиард теңге болған.

Жалпы бюджеттік емес жеке инвестиция 13,0 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8 миллиард теңгеге артты.                            Сонымен қатар, 2023 жылға негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жылдық жоспары – 31,5 млрд. теңге болып бекітілді.

Бүгінгі таңға, жоспарды орындау мақсатында барлық ауыл округтер бойынша жаңадан ашылатын инвестициялық жобалардың тізімі жинақталуда сондай-ақ, ауданға инвесторларды іздестіріп, тарту жұмыстары жүргізілуде.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 айдың қорытындысымен – 3,8 миллиард теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,5%-ға орындалды, ал 2022 жылдың 5 айында 4,2 миллиард теңге болған болатын.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі таңға жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 14 2883 бірлікті құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 139,6 пайызға орындалды. Осы бағытта Қазығұрт ауданында 20012 адам жұмыспен қамтылып, олардың өндірген өнім көлемі – 34,2 миллиард теңгеге жетті, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 135,3 пайызға артты.

Бөлшек сауда өнімінің көлемі – 4,8 миллиард теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,8 пайызға орындалды.

Бекет Өсербаев, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары: «Индустриялды аймақтардың жұмысы да орнықты. Көптеген кәсіпорындардың өндіріс қарқынының өсуі, жаңа қуаттардың енгізілуі және технологиялық процесті модернизациялау өнеркәсіптік сектордың орнықты дамуына ықпал етеді. Ол үшін ауданымыздағы өндіріс орындарын көбейту үшін «Қазығұрт» индустриялдық аймағына  инвесторлар тартып жаңа жұмыс орындарын ашуды қажет етеді. Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында «Қазығұрт» индустриялдық аймағы (35 гектар) құрылып, кәсіпкерлерге мүмкіншілік жасалды. Яғни, индустриялдық аймақтағы инфрақұрылым жүйелерінің қуатын ұлғайту арқылы қосымша кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған болатын.

Бүгінгі таңда, 10,86 гектар жер телімінде 7,3 миллиард теңгелік 193 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба орналастырылған. Оның ішінде «Асыл бастау.kz» ЖШС-ның «AQUA THE BEST»  атауымен  0,5 – 1,0 – 5 және 19 литрлік ыдыспен ауыз су өндірісі, «CG Foods Central Asia» ЖШС-ның «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі, «Көрік ШҚ» ЖШС-ның «Алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығару» өндірісі, «Отырабат-Құрылыс» ЖШС-ның «Газабетон блогы» өндірісі, «ЮКГУ» ЖШС-ның «Газабетон блогы» өндірісі бар».

Сонымен қатар, Қақпақ ауылы округіне қарасты Заңғар елді мекенінде орналасқан «Ынтымақ» СТКнің жалпы құны 700 миллион теңгелік 1,3 МВт/сағ. кіші су электр станция жобасы іске қосылу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңға жер учаскелері тегістеліп, ғимараттың құрылысы аяқталып, Чехия мемлекетінен қондырғылар жеткізілді сондай-ақ, кәсіпорынды 2023 жылдың I тоқсанында іске қосу көзделуде.

Мемлекеттік бағдарламалардың қолдау құралдары арқылы аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына және жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге бірінші кезекте жеңілдетілген несие қажет.

Жалпы қаржы ұйымдары арқылы 2022 жылдың қорытындысымен 324 тұлға 2120,0 миллион теңгеге несиелендірілді.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан адамдарға «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде (өз бизнесін құруға) мемлекеттік гранттар беру үшін конкурстық іріктеуге қатысып, қорытындысымен 1 азамат грантқа қол жеткізді.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін   2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл бағытта «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бастау алған. Бүгінгі күнге жалпы құны 40,0 млн. теңге көлемінде кәсіпкерлік бағытындағы 1 жобаға несие берілді. Қажетті несиемен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табатын болады.

2022 жылы жалпы құны 3,9 млрд. теңгелік, 503 жұмыс орнын құрайтын                65 ірі және орта жобалар іске асыру қарастырылған болса, бүгінгі таңға   303 жаңа жұмыс орны ашылып сондай-ақ, 300-ге жуық азаматтар жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.