Түнгі уақытта 18 жасқа толмаған баланың қоқыс тастау үшін көшеге шығуына рұқсат па? Егер полиция қызметкерлері оны байқап қалса, шара көре ме? Бұл сауалға редакция заңгері Венера Нұрғалиқызы жауап берді.
Заңгердің айтуынша, балаңыз жалғыз өзі түнгі сағат 23.00-ден кейін қоқыстарды шығару үшін көшеге шықса, үй ауласындағы орындықта отырса, тіпті өзі тұрған үйден 5 метр қашықтықта орналасқан дүкенге барса, полиция қызметкері себебін анықтауға құқылы. Мұндай кезде тәртіп сақшылары баланың заңды өкілімен жолығып, мән-жайды анықтауы тиіс. Егер баланың заңды өкілін табу мүмкін болмаса, онда полиция қызметкерлері кәмелет жасына толмаған баланы бөлімшеге алып кетуі мүмкін. Ол жерде заңды өкілдерін анықтап, сол бөлімшеге шақырады. Заң талаптарына сәйкес ескерту жасайды. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, баланың заңды өкіліне 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондықтан балаңыздың сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін заңды өкілдерінсіз жалғыз өзі үйден тыс жерлерде жүруіне болмайтынын ескеріңіз.