Ауыз судың тапшылығынан тұтас бір үй өртке оранды

94

Шымкенттегі шағынаудандардың бірі судың ағыны нашар деп шағымданды. Тіпті үйі өртенген тұрғын әзер ағып тұрған судың тапшылығынан оны сөндіре алмаған. Нәтижесінде баспанасы бастан аяқ жанып кеткен. Аталған су мәселе жергілікті халықты бірнеше жылдан бері әбден әбігерге салған.

Өртке оранған Ирина Бреустің үйін дер кезінде сөндіру мүмкін болмаған. Бастапқыда қызыл жалынды ауыздықтауға көршілері келгенімен, баяу аққан судың салдарынан өртті тоқтату мүмкін болмаған. Төтеншеліктер жағдай орын алған Иринаның үйіне жетем дегенше, баспана күлге айналған.

Ирина Бреус, Шымкент қаласының тұрғыны: “Судың ағыны жақсы болған жағдайда көршілеріммен өртті сөндіре алатын едік. Үйімдегі жиһаз, тұрмыстық техника мен ақшам болатын. Оның барлығы жанып кетті. Мамандар келді. Бірақ ол кезде бәрі кеш болды. Баспанасыз қалдым».

6 жылдан бері Көксай шағынауданының тұрғындары қарапайым ауыз суға жарымай отыр. Олар күнделікті ыдыс-аяқты жуу үшін алдын ала су жинайды екен. Ал кір жуғыш машиналары мұндай әлсіз ағынның кесірінен тіпті іске қосылмайтын көрінеді.

Сергей Филипченко, Шымкент қаласының тұрғыны: «Талай жылдан бері осы мәселе бойынша жауапты мекемелерге өтініш жаздық. Бармаған жеріміз қалмады. Біздің жай ғана назарға алмайды, тіпті телефон қоңырауларымызға жауап та бермейді. Нөмірлерімізді бұғаттап тастаған».

Ал мұндағы коммуналдық қызмет мамандары мәселені ушықтырған жергілікті халықтың өзі деп отыр. Белгілі бір абоненттер санына арналған су құбырына заңсыз тіркеліп, суды пайдаланып жатқандар бар дейді.

Дінмұхаммед Жолдас, «Теміржолсу Арыс » ЖШС маманы: «Мұндағы судың жүйесі өрмекшінің торына ұқсап кеткен. Үсті-үстіне тартып ала берген. Дегенмен мәселені бір айдың ішінде шешуге тырысамыз. Тексеріс ұйымдастырамыз. Нүктені анықтаймыз».

Аталған проблеманың неліктен жылдар бойы шешімі табылмай келгені белгісіз. Дегенмен өңір халқы су мәселесі реттеліп, ел қатарлы өмір сүруден әлі де үмітті.