Кәсіпкері көп ауылда түйіні шешілмеген мәселе болмайды

32

Өңірдегі аудан әкімдерінің халықпен кездесулері жалғасын табуда. Жуырда Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың үшінші тоқсандағы кезекті халықпен жүздесу жиыны Қақпақ ауыл округі Заңғар елді мекенінде және Қызылқия ауыл округі Атажұрт елді мекенінде жалғасты. Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органы басшылары, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Аудан әкімінің халықпен кездесуі барысында шешімін таппаған мәселелер талқы таразысына түсіп жүр. Ауылдарының көркейгенін қалайтын әрбір тұрғын әкімге көкейде жүрген көп сауалдарын қойып, ауылдағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына ойтүрткі салуда. Бұл жолғы кездесу де ерекше форматта өтті.

Аудан әкімінің халықпен кездесу жиыны барысында елді мекен тұрғындары тарапынан ауыз су, көше жарығы, электр бағаналарын ауыстыру, жол жөндеу, табиғи газ және мектеп құрылысы, кәсіпкерлікті дамыту, жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетіні туралы сұрақтар мен өтініштер айтылды. Ауыл азаматтары тарапынан қойылған барша сұрақтарға аудан әкімі Азизхан Азимханұлы заң аясында толыққанды жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, барша мәселенің назарға алынатынын, сондай-ақ кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтып өтті. Өз кезегінде аудан басшысы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке қызығушылық танытып отырғандарына ризашылығын білдірді. Ауылда кәсіпкерлер көбейсе біріншіден жұмысссыздық жойылады, екіншіден әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Азаматтары кәсібін өрге өрлеткен ауыл қашанда өркендеп өсетінін де тілге тиек етті.

Аталған ауыл округі тұрғындары көкейлеріндегі барша сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алып, ауыл ақсақалдары аудан әкімі мен барша қызметкерлерге ел атынан алғыстарын білдірді.