Шымкентте велосипед мінгендер жыл санап көбейіп келеді. Қалада бұл көлік түріне жағдай жасала бастағанына да бірнеше жыл болды. Бірі денсаулығын ойлап мінсе, енді бірі үшін бұл — табыс көзі. Қазір көшеде жүздеген курьер велосипедпен жүйткіп жүр. Мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы қаладағы веложолдардың ұзындығы 78 шақырымға жеткен. Бірақ жолда велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер жиі келіспей қалады.
Шымкентте велосипед мінгендерді жиі кездестіруге болады. Қала халқы біртіндеп экологиялық көлікке ауысып жатыр. Дегенмен, велосипедшілердің өз уәжі бар: бұл сала дамыған сайын, ескі проблемалар да қайта бас көтере бастады.
«Балаларды жолдан алыңыздар» деген ескертудің соңы ата-аналар мен велосипедшінің кикілжіңіне себеп болды. Велосипед тізгіндегендер қалада бұл мәдениеттің әлі қалыптаспағанын айтады. Соның салдарынан, велосипед тебуге арналған орындар нағыз дау-дамайдың ошағы болып отыр.
АРМАН ЕРЛИЕВ, ВЕЛОҚАУЫМДАСТЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: «Шымкентте өте төмен деңгейде. Дамымаған деп айтсақ. Жол да бермейді. Велик айдайтын жерде адамдар жүреді, адамдар жүретін жерде велосипедпен жүреді. Мүлдем мәдениет жоқ. Соны көтерсек»
Жолда жүрудің қиындығын велокурьерлер де растап отыр. Жаяу жүргіншілер жол бермегендіктен, тапсырыс тасу қиындап кеткен. Көбіне соңы жанжалға ұласады. Мұның бәрі қызмет сапасын төмендетіп, курьерлердің табысына әсер етіп жатыр.
АННА ЯКОВЛЕВА. ВЕЛОКУРЬЕР: «Жол бермегендіктен, уақытымыз босқа кетеді. Кейде жаяу жүргіншілермен қатарласып жүруге немесе үлкен топтың соңында қалып қоюға мәжбүрміз. Амал жоқ, жолдың шетімен, көліктердің қасымен жүреміз. Арасында ұрысып қалатын кездер де болады, көбінесе егде жастағы адамдармен түсініспеушілік туындайды».
Жаяу жүргіншілер және әсіресе бала арбасын итеріп жүрген аналар веложолақпен серуендеудің қауіпті екенін есте сақтаған жөн. Велоспорт бойынша аға жаттықтырушы Құрбанәлі Доспалаев та осы пікірде.
ҚҰРБАНӘЛІ ДОСПАЛАЕВ. ВЕЛОСПОРТТАН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: «Республика және Бәйдібек би даңғылдарында қызыл түспен боялған арнайы веложолақтар бар. Ол жер — жаяу жүргіншілерге емес, тек велосипедшілерге арналған. Мен барша қала тұрғындарын жолда өте мұқият болуға шақырамын. Сақтықта қорлық жоқ»
Велосипед мінгендерге де қойылатын талаптар аз емес. Олар міндетті түрде каска киюі, жол ережесін сақтауы, үстінде жарық шағылыстыратын киімі мен жарық шамдары болуы шарт. Жалпы, велосипедші болсын, жаяу жүргінші болсын — барлығына мұқият болу керек. Ең бастысы, жол үстінде бір-бірімізге құрметпен қараған абзал.
Ботакөз Әнуар






