«Күш қолданған». Жетісайлық ер адам досының қарт анасын тонап кетті

267

Жетісайда зейнеткер әжейді өз ұлының досы тонап кеткен. Ер адам қарт тұрғынға күш қолданып, алтын бұйымын шешіп алған.

Жәбірленуші дереу полицияға арызданған. Оның айтуынша, кешкі уақытта үйінде ұлының досы қонақта болған. Содан ер адам әжейге күш көрсетіп, алтын сырғасын шешіп алыпты. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Келтірілген шығын –  100 мың теңге.

Зейнеткердің арызы Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі «Тонау» бойынша тіркеуге алынды.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, іздестіру шараларының нәтижесінде тәулік ішінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу барысында анықталғандай, ер адам жәбірленушінің ұлымен бірге үйінде ішімдік ішкен. Кенеттен ойы өзгерген ол есік алдында келе жатқан қарт әжейге күш қолданып, құлағынан сырғасын шешіп алған. Қолды болған алтын сырға тәркіленіп, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.