Шардаралық спортшылар қол күресінен 44-ші Әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Олар Алматыда өткен чемпионатта 21 алтын және 5 күміс медальді иеленді. Білекті де жүректі спортшылар жиналған сайысқа 50-ден аса мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынаған болатын. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды жеңіспен оралған Әлем чемпиондарын қабылдап, құрмет көрсетті.
Қол күрестен өткен әлемдік додада Шардара ауданының спортшылары топ жарды. Аталған жарысқа қатысушылар арасында: жеткіншектер 3 алтын, жасөспірімдер 9 алтын, жастар 3 алтын ал ерекше жандар 1 алтын, ересектер 5 алтын және 4 күміс жүлдеге ие болды. Солардың бірі — Ердәулет Нұрмаған.
Ердаулет Нұрмаған, Әлем чемпионы: «Шардара қаласының тумасымын. Осы спортпен айналысып жүргеніме 9 жыл болды. Аға бапкер, жаттықтырушыларымның арқасында Алланың қалауымен жеңістерге жетіп, Әлем чемпионы атандым. Осы жолы Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында Әлем чемпионы атанып, Қазақстанға еңбегі сіңген спортшы атағын алдым».
Қазіргі таңда облыста бұқаралық спорттың дамуына жан-жақты жағдай жасалуда. Мәселен, өңірде 45 спорт нысаны бой көтерді. Мұның барлығы болашақ чемпиондардың тәжірибесін арттырып, халықаралық аренаға шығуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы әкімі: «Қазір армреслинг деген Түркістан, Шардараның бренді болды деп айтсақ қателеспейміз. Шардара десек, көлді ғана еске алатын едік. Қазір енді Шардара десек армреслингті еске алатын болды барлығы. Онымен жүрген жерімізде біз де мақтанамыз. Шын айтсақ, сіздердің арқаларыңыз барлығы. Өйткені мен айтып жүрмін әрбір ауданда өзіне лайықты мықты тұсы болады. Түлкібаста күресшілер, тағы бір жерде боксшылар, сіздерде армреслинг».
Айта кетейік, қазіргі уақытта шардаралық спортшылар бүгінге дейін армреслингтен әлем чемпионаттарында 149 алтынға қол жеткізген. Ал Азия чемпионатында 328 алтынға ие болған.