Ыстық сумен клизма жасаған медбикелер жұмыстан шеттетілді

517

10 айлық балаға ыстық сумен клизма жасаған медбикелер жұмыстан қуылды. Шымкенттегі жұқпалы ауруханаға түскен бүлдіршін қазіргі таңда жансақтау бөліміне жөнелтілген. Ал зардап шеккен баланың әкесі арыз жазып, қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. Денсаулық сақтау министірінің өзін бей-жай қалдырмаған оқиға барысы алдағы бейнематериалда.

Әлі 1 жасқа да толмаған бұл бүлдіршін 25 наурыз күні жұқпалы аурулар ауруханасына түседі. Алғашында ЖРВИ орташа ауыр диагнозы қойылса, соңында анасы баласының денсаулығында тағы ақау барын айтқан. Осылайша үйге жиналып жатқан балаға медбикелер клизма жасайды. Негізі 29-30 градус жылылықта жіберілетін су бейкүнә сәбиге ыстықтай жіберілген.

Мұндай сұмдықты көрген баланың анасы үрейленіп кеткенін айтады. Себебі су тамшысы аяғна тиген екен. Ал ақ халаттылар болса температураның қалыпты екенін айтып, ана жүрегін тыныштандырған. Десе де соңында ана қорқынышының бекер болмағаны белгілі болды. Себебі 10 айлық сәби ішін 1 пайыздық күйік шалып, жансақтау бөліміне жөнелтілді.

Ерболат Сәмен, әкесі: «Негізі бала құсып ауырған. Кейін жақсы болып қалған еді. Ертесіне шығарамыз деп жатқан. Сонымен жаңағыдай жағдай болып тұр. Қазір қан шығып жатыр деді үлкен дәретке шықса, ал кіші дәретке шықса терлеп шығады екен. Жылайды екен. Тек шыңғырады екен. Бірден қан кеткен ғой ішінен. Терілерімен қосылып шыққан. Баламның денсаулығын дұрыстап берсін болды. Басқа айтарым жоқ».

Шымкенттік ақ халаттылардың салғырттығынан денсаулық сақтау министірлігі де құлағдар болып шықты. Жағдайды бүгін таңғы 7-де естідім деген Елжан Біртанов ойлануға уақыт керек деген еді. Ал шымкенттік жауаптылар шешімді бір тәулікке жетпей шығарды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы клизма жасағандардың жұмыстан аластатылғанын айтты.

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бүгінгі таңда 7 бөлімшеде 2 медбике және аға медбике жұмыстан шеттетілген. Тексеру жұмыстары аяқталғанға дейін. Қорытынды анықтаманың құқықтық анықтамасы беріледі. Құқықтық бағасы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Нәтижесінде жұмыстан болсатылу, босатылмауы анықталады».

Амангелді Нұрлыбаев, Шымкент қалалық жұқпалы аурухананың бас дәрігері: «Баламен қазір жұмыс жасап жатырмыз. Жағдайы жаман емес. Кішкентай гранулация жүріп жатыр. Жағдайы жақсарып келеді. Қалыпқа келу үшін 10-15 күн керек. Ешқандай асқынулар қалмайды».

Айта кетейік, күйік шалған балаға 2 бірдей медбике клизма жасаған. Бірінің тәжірибесі 10 жылдық болса, екіншісінің жұмысқа келгеніне енді ғана 1 жыл толған. Дәрігерлердің айтуынша жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршін 10-15 күнде үйіне қайтуы мүмкін екен.

Назерке Үкібасова