5 адамның қазасына себеп болған автобусты басқа жүргізуші тізгіндеуі керек болған

64

Жантүршігерлік автобус апатына қатысты сот жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір күні көлік оқиғасы салдарынан 5 бірдей тұрғын қаза тапқан болатын. Орын алған жайтқа байланысты екінші сот отырысында бірқатар тың деректер анықталды. Мәселен, сол күні қоғамдық көлікті басқа жүргізуші тізгініндеуі керек болған.

Шымкентте басқарушысыз автобус апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін орын алған жайтқа байланысты 20 куәгерден жауап алынды. Сот отырысында оқиғаның мән жайын алғашқы болып автопарк легінің басшысы Ерғали Ыстамбековтен сұрады. Оның сөзінше Хайрулла Юлдашев ол күні демалыста болған. Алайда басшылыққа ескертпестен жүргізушілер өзара келісіп, бірін-бірі алмастырған. Ал парк басшылығы мұны оқиғадан кейін біліпті. Айтуларынша күдікті міндетті түрде тексерістен өтуі керек болған.

Ерғали Истамбеков, Shymkent bus автопаркі легінің басшысы: «Мамыржан Жолдасов таңертең шыққан. Механиктен барлық анықтамасын алған. Ал 5-те Юлдашевпен ауысқан екен. Таңертең барлығын тексеріп отырамыз. Автобуста қол тежегіші міндетті түрде болады. Оны тартқан, тартпағанын білмеймін. Себебі өзім көрген жоқпын. Тергеуде қойылмаған деп тұр».

Оған қоса маман, жүргізуші сақтық шараларын дұрыс қолданбағанын алға тартты. Ерғали Ыстамбековтың сөзінше, ол оқиға барысын тексеру үшін камераны ашқан. Алайда қажетті бейнежазбаға қол жеткізе алмапты. Өйткені камера басқа бағытқа бұрылып қойылған.

Ерғали Ыстамбеков, Shymkent bus автопаркі легінің басшысы: «Бейнежазбаны ІТ мамандар ашып қарады. Камера бір шетке қарай бұрылып қалған. Біз негізі күнде таңертең тексеріп тұрамыз. Одан кейін барып өздері бұрып қойса керек. Мүмкін билет шығармау үшін немесе салонда отырып темекі шегеді, соны жасыру үшін ауыстырған шығар деп ойлаймын».


Ал автобус тізгінін ауысуды сұраған Мамыржан Жолдасовтың жұмысқа тұрғанына 1 ай ғана болған екен. Айтуынша ол әлі автопарк ережесімен толық танысып үлгермеген. Ал сол күні айдаған №266 қоғамдық көлік оның атына тіркелмепті.

Мамыржан Жолдасов, автобус жүргізушісі: «Хайрулла аға ортақ чатта айтып отырды соңғы айналымда айдап береміз деп. Сол күні кезекке шығатынымды маған да түнде айтқан еді. Автобус менің атымда емес, оған бірінші рет отырып тұрмын. Маған 271 көлік тіркелген. Өзіміз ауысуға ақылдастық. Бірақ чатта бригадиріміз болды. Сол кісі білді. Олар 2-3 күн бұрын ауысатынымызды білді. Лек басшысы ол жерде бар жоғын білмейді екем. Көліктің техникалық жағдайын мен білмедім. Маған таңертең осыны мінесің деді. Соған мініп кеттім».

Жантүршігерлік оқиға сәуір айында орын алған еді. Бұл жайтқа байланысты іс 5 айдан бері жүргізіліп жатыр. Тергеушілердің мәліметінше қоғамдық көлік қол тежегішке қойылмаған. Сондықтан жәбірленушілер сезікті лайықты жазасын алуын талап етіп отыр. Ал Юлдашевтің жақындары алдымен автопарк иелері жауапқа тартылуы керек деп санайды. Сот процесі әлі жалғасатын болады.