Бүгінде қазығұрттық кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілуде. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын. Соның арқасында бүгінде кәсібін ашуға ниеттілер құжаттарын дайындауда. Одан бөлек, кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарының да атқарып отырған жұмыстары ауқымды.
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп келеді. Мұнда 3 бағыт бойынша қызмет атқарылады. Олар – консалтинг, жобаларды жасау және сүйемелдеу және құжаттарды рәсімдеу бөлімі. Әр бөлім өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруда.
Яғни, мұнда кәсібін жаңадан ашуға ниетті азаматтар мен табыс тауып тұрған бизнесін ары қарай дамытқысы келетіндер тиісті көмектерге ие бола алады. Бүгінде дәл осы орталықтың көмегіне жүгінгендер істерін сәтті дамыту үстінде. Былтырғы жылдың қорытындысымен жобаларды сүйемелдеу бөлімі арқылы 57 бизнес жоспары жасалынып, 13 жобаға сүйемелдеу жасалып, қаржыландырылған болатын. Оның ішіндегі басым бөлігі – мал шаруашылығын дамыту бойынша сұраныстар болып келеді. Қазығұрт ауданы негізінде ауыл шаруашылығын оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аумақ. Сондықтан да мұнда мал бордақылаумен айналысқысы келетін, етті, сүтті бағытты қолай көріп отырғандардың қарасы қалың.
Былтыр көмек алғандардың дені бүгінде кәсіптерін өрге дөңгелетіп отыр. Биылғы көрсетілген қызмет түрі де ауқымды. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге сүйемелдеу құжаттары бойынша да қызмет жоғары деңгейде көрсетілетін болады.