Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы Қақпақ елді мекеніндегі «Қарқын-2030» — Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде тек ауданда ғана емес бүкіл республика танитын үлкен кәсіпорынға айналды. «Нәрлен» сауда маркасымен шығарылатын шұжық өнімдері әр отбасының дастарханынан үзілмейтін жеңсік асқа айналды.
Айтулы кәсіпорында сиыр етінен, жылқы және тауық етінен шұжық өнімдерін және жеңсік астарды өндіреді. Кәсіпорынның қызметі 2009 жылдан басталған. Осы уақыт ішінде компания өзін жоғары сапалы, өте дәмді тауар өндіруші ретінде дәлелдей білді. Олай айтуға себеп – бүгінде шұжық өндірушілер көп. Нарықта өнімнің сапасын дәлелдеу оңай шаруа емес. Дәмді әрі сапалы шұжық дайындап – тауалары нарықта сұранысқа ие болды. Еліміздің көптеген өңірлерінің тұтынушылары «Нәрлен» өнімдерін жоғары бағалады әрі дәмін көрген соң тұрақты тұтынушыға айналды. Негізгі сатып алушылар Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент, Алматы, Тараз, Атырау, Алматы, Астана, Ақтау қалаларының тұрғындары болып отыр. Негізінде «Нәрленнің» нәрлі өнімдерін тек қазақстандықтар ғана емес Ресейдің Кемерово, Барнаул қаласының тұрғындары да арнайы тапсырыспен алдыруда.
Сұранысқа ие өнім өндіріп отырған компания жетістігінің құпиясы көп. Өйткені шұжық өнімдерін өндіруге, сонымен қатар жалпы бизнесті жүргізуге инновациялық тәсілдерді қолдануында. Заманауи өндірістік технологияның соңғы жетістіктерін ендіріп отырады. Өндірістің барлық циклі халал өнімге сай келеді және «Қазақстанның Халал-Сала» Ассоциацияның куәлігіне ие болған.
Халал талаптарына толық сай келетін өнім өндіріп отырған компания шикізаттың сапасына баса көңіл бөледі. Ең бастысы шикізатты шетелден алдырмайды әрине. Ол үшін кәсіпорынның арнайы жеке ірі қара мал асырайтын шаруашылығы бар. Өздері бағып, өздері бордақылайды. Бәрі жүйе бойынша жұмыс істейді. Өздерінің жеке жайылымы бар, бұл өз кезегінде өндірісті балғын етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Арнайы жұмысшылар ірі қара малды бабына келтіріп бағады. Уақытысында екпе егіп, жемдеп отырады. Ветеринар маман малдың жағдайын бақылауда ұстайды. Демек малдың етіне күмәндануға мүлдем жол қалмайды. Кәсіпорынның тауарлары әлемге танымал заманауи неміс және австриялық жабдықтарда дайындалады. Бұл өз кезегінде өнімнің сапалы әрі балғын етіп дайындалуына септігін тигізеді. Бұл жабдықтарды сатып алу жылына 6 пайыздық мемлекеттік несиесі арқасында мүмкін болды.
Сонымен қатар, барлық санитарлық нормаларға сай келетін, «Халал» тәртібіне сай келетін малды сою арнайы қорабы бар, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханасы бар. Күніне 5—7 тонна шұжық өнімдері шығарылады, болашақта тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім, шұжықтың 80 түрін шығару жоспарланып отыр. «Нәрленнің» нәрлі өнімдерінің қатарында «Ірімшікті», «Нәрлен», «Астана», «Мұсылман шұжығы», «Сарымсақты», «Алатау», Үй жағдайындағы тауық орамасы, «Сарыарқа», Тауықтың ысталған қанаттары, Тілден жасалған зельц, «Президенттік», «Сервелат», «Прима Алатау», «Прима Халал», «Астана Халал» атты шұжық түрлерін өндіреді. Өндіріс орнының мамандары әрдайым тұтынушының қалауын зерттеп отырады. Нарыққа сараптама жасайды. Зауыт қазақтың ұлттық асы қазы жасауды да қолға алған. Оның сатып алармандары да көп. Сұраныс артып келеді.
Бүгінде өндіріс орнында 100-ден аса адам жұмыс істейді. Ауысымдық жұмыстарға алдағы уақытта жұмысшылар қабылдауды жоспарлап отыр. Оның ішінде таразышы, қоймашы, шұжық пісіруші, шұжық өнімдерін қалыптаушы, қаптау цехының жұмысшылары, жүкшілерді жұмысқа шақыруда. Компания барлық жұмысшыларға жағдай жасап отыр. Арнайы киім мен түскі ас тегін беріледі. Бұдан бөлек, арнайы әлеуметтік пакет бар. Өнімді жұмысты талап ету бар да, жұмысшыларға жағдай жасау бар. Компанияның бұл жағынан алғанда асығы алшы. Қазығұрт ауданынындағы ең ірі кәсіпорын еліміздегі мақтаулы өнім өндірушілердің көшбасшысы да. Жыл сайын кәсіпкерлер арасындағы түрлі байқауларда оза шауып бәйге алып жүр. Өндірістік желіні іске қосып жүйелендіре білген компания басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.