Тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында Шымкентте 100-ден астам кәсіпкермен меморандумға қол қойылды. Бұл келісім әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап, нарықтағы негізсіз қымбаттаудың алдын алуға бағытталған.
Әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қала әкімдігі 100-ден аса кәсіпкермен меморандум жасасты. Солардың бірі – қияр мен қызанақ өсіретін кәсіпкер — Азамат Көшімов. Ол жылына мың тоннаға жуық өнім өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп келеді. Енді кәсіпкер өз өнімінің бағасын тұрақты деңгейде ұстайтынын айтады.
Азамат Көшімов, кәсіпкер: “Бағаны әлеуметтік жағдайға қарап ұсынып жатыр бізге. Ол баға әрине енді екі жақты тарапта қаралып, тиімді жақтарына қарап, соған қарап, келісіп қол қойып жатырмыз. Меморандум бұл жерде енді көбінде 1 жылға қойылады”
Келісім аясында екі тарап тауар құнын бірлесе бақылап, инфляцияны тежеуге уағдаласты. Бұл — мегаполис тұрғындарын қолдауға бағытталған бастама. Осы ретте қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов кәсіпкерлерді ортақ жұмысқа жұмылып, жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Алдағы уақытта осындай бірлескен жұмыс нәтижесінде инфляция деңгейін, оның үстіне тауарлық инфляция, тауарлық емес инфляция көлемін едәуір төмендетеміз деген ойдамыз”
Меморандумға қол қойғандар қатарында ірі сауда желілері, базарлар, дүкендер және жеке кәсіпкерлер бар. Сала мамандарының айтуынша, бағаға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, әрбір өзгеріс бақылауда болады.
Талғат Мекембаев, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: “Баға негізсіз өзгермейді. Оны қадағалаймыз. Күнделікті мониторинг тобы бізде әр аудан әкімдігінде осындай мониторинг группасы бар. Бағаны қарап, күнделікті өзгеруін қадағалап отырамыз”
Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде 19 өнім болса, бағаның құбылуына байланысты бұл тізім кеңейтіліп, бүгінде 56 түрлі тауарды қамтып отыр.
Әсел Мәлік






