Түркістан өңірінде жіп пен мата өндіретін ірі зауыт іске қосылды. Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Алдағы уақытта кәсіпорын жылына ондаған мың тонна жіп пен миллиондаған шаршы метр мата, сондай-ақ төсек-орын жабдықтары мен көрпе өндірмек.
Бұл жоба ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сондай ақ, өнімнің белгілі бір бөлігі шетелге экспортталады екен. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Түркістан өңірінде жеңіл өнеркәсіпті жүйелі түрде дамытуға, мақта саласының тиімділігін арттыруға серпін береді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды өндірістік алаң қалыптастырады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Инвест жобаның жалпы құны 86,2 млрд. теңге. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады»
Лаура Бабас






