Облыстағы білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есеп іске қосылды

Түркістан облысының білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есеп іске қосылды. Облыс әкімі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы білім беру ұйымдарындағы бірыңғай цифрлық есеп пилоттық жобасын іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды. Жоба Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының білім беру ұйымдарында іске асырылады.

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есеп іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – бюджеттік қаражатты ұрлауға байланысты сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған қосымша функциялар мен техникалық шешімдерді енгізу. Осыған байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев білім беру ұйымдарындағы бірыңғай цифрлық есеп пилоттық жобасын іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бүгінгі жиын облыстағы білім саласында бұлтты бухгалтерия бағдарламасын ендіру мақсатында ұсыныстар мен пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында бухгалтерияны есепке алудағы өзекті мәселелер көп. Әрбір білім беру ұйымында мониторингтің және бақылау құралдарының болмауы, есеп жүйелерінің тиімсіздігі, мұғалімдердің жалақысын есептеудегі олқылықтарға байланысты және тағы басқа да мәселелер туындауда. Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен Білім басқармасының ұсынысы бойынша бірыңғай цифрлық есеп пилоттық жобасын іске асыру қолға алынуда. Басты мақсат – ашықтық».

Бірыңғай ақпараттық есептеу пилоттық жобасы Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының білім беру ұйымдарында іске асырылады. Осыған дейін облыстық білім басқармасы «Фаворит», «Бұлтты бухгалтерия» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан, Кентау қалалары, Түлкібас ауданындағы орта білім беру ұйымдарының бухгалтериясына пилоттық жоба ретінде енгізілген. Мектептерде оқу ісі меңгерушілеріне және іс жүргізушілерге, шаруашылық меңгерушілеріне оқыту өткізіліп, бастапқы деректерді енгізу, тестілік есептеулер жүргізілген.

Мұрат Төлеубаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы: «Жасыратыны жоқ білім беру саласында бюджет қаржысын жымқыру мен жемқорлық фактілері белең алып тұр. Жыл сайын білім беру ұйымдарына бюджеттен қомақты қаржы түседі, бұл қаржыға қол сұғушылардың да саны артып келеді. Соның ішінде, еңбекақы төлеу қоры бойынша ақшалай қаражатты жоспарлау кезінде білім беру субъектілерінің қызметінде жүйелі бұзушылықтар орын алуда. Сондықтан біз әкімдікпен бірлесіп білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есепке алу пилоттық жобасын іске қосуды ұсынудамыз. Ұсынысымыз қаржылық қажеттілікті бағалаумен және бюджет қаржысын негізсіз аударуға байланысты тәуекелдерді жоюға бағытталған».

Жоба аясында білім беру ұйымдарының процесін автоматтандыру, бюджеттік өтінімдерін ұсынудың қадамдық тәртібін құқықтық реттеу, жергілікті мемлекеттік аудит органдарына ақпараттық жүйеге қолжетімділік беру, сала қызметкерлерінің жұмыс уақытын есепке алу табелін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйені қызметкерлердің жұмысқа келуін бақылау жүйесімен біріктіру және басқа да жұмыстар жүргізіледі.