Шымкентте көпқабатты үй пәтеріндегі балкон отқа оранды. Оқиға кеше, 10 қазанда Қ.Төлеметов көшесінде болған.
Өрт туралы Төтенше жағдайлар департаментінің «101» диспетчерлік қызметіне сағат 16:02-де хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына тез арада 7 өрт сөндіру техникасы, жеке құрамнан 37 адам жіберілген. Пәтердегі балконда үй заттары жанып, салдарынан үй қара түтінге толғаны анықталған.
Өрт сөндірушілер қызыл жалынды сағат 16.24-те толығымен сөндірді.
«№5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушілері Марат Әліпбаев және Арман Махмұт қою түтінге оранған пәтер ішіннен 4 және 5 жасар екі бүлдіршінді қауіпсіз жерге тез арада алып шығып, жедел-жәрдем бригадасына тапсырды. Алдын ала болжам бойынша балалар отпен ойнап, өрттің шығуына себепші болған» делінген ТЖД мәліметінде.