Қазақстанда 5600-ге жуық азамат банкрот деп танылды. Осы жылдың 3 наурызынан бастап жеке тұлғаларды банкрот деп тану бойынша жалпы 68 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 55 мыңнан астам қазақстандықтың банкроттық өтініші мақұлданбады. Себеп — кейбірінің атында мүлік болса, кейбірінің қарыз көлемі мен төлем бойынша, берешек мерзімдері сәйкес келмеген.
Бүгінге дейін сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылған.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі: “Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылды”
Қаржы министрі банкроттық рәсімін қолдана алмай отырған борышкерлерге қатысты бірқатар норма ұсынды. Банкроттық процедурасын оңайлату үшін ұсынылған шаралар қатарында —
•соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту;
•азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке •қосымша құжаттар беруден босату;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау;
•төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау бар.
Айта кетейік, елімізде 8,4 миллион адам қарызға батқан. Оның 1,7 миллион несиесін төлей алмай отыр.