Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта 2600-ден аса жұмыс орны ашылған. Оған қоса тағы 4 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл аймақта не өндіріліп жатыр? Облыс әкімі жауапты мамандарға қандай тапсырма берді.
Түркістан облысында 20 индустриалды аймақ құралған. Оның жалпы көлемі 24 мың гектарға жуықтайды. Ресми мәлімет бойынша, қазір онда жалпы соммасы 40 миллиард теңгеге шамасындағы 50 инвестициялық жоба іске қосылған. Сөйтіп 2 мың 600-ден аса жаңа жұмыс орны ашылған.Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында мәлім болды.
Қанат Шонбасов, Түркістан облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бұл ретте индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын жүргізу үшін жұмсалған қаржы көлемі 12,3 миллиард теңгені құрайды. Бюджеттен жұмсалған 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылды бүгінгі күнге. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 12.5 миллиард теңгені құрады. Ал бюджетке түскен салық көлемі 6 ай мен 756,6 миллион теңге… инвестициялық жоба орналастырылды».
Қанат Шонбасовтың сөзінше, алдағы уақытта тағы жалпы құны 112,4 миллиард теңге тұратын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болады. Аталған инвестициялық жобалар құрылыс материалдарды және дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмассадан жасалған өнімдерді өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жұмыс істейді. Дегенмен бұл істе шешілуі тиіс мәселелер де жоқ емес.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Шұғыл түрде мәселелерді шешудің қадамдық іс-шараларын нақты әзірлеп, атқарып жатқан жұмыстар жайлы әр апта сайын дайын мәлімет ұсынуды тапсырамын. Индустриалды аймақтарды дамыту мақсатында инвестициялық жобалар мен толтыру және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, индустриалды аймақтарда анықталған кемшіліктерге жол берген аудан, қала әкімдерін, салаға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қолдануды қарауды, индустриалды аймақтарда биыл тапсырылатын нысандарды мерзімді әрі сапалы іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырамын».
Бұған қоса жиында аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшысына индустриалды аймақтарының инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге қажетті қаржының есебін жасау, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден жерді қайтарып алу, зауыттарды жергілікті салықтық органдарға тіркеу және өзге жобаларды көбейту жөнінде тапсырма берілді.
Дилара Иса






